АУДАН ӘКІМІ МОЛДА МҰСА МЕКТЕБІНІҢ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ САЛТАНАТЫНА ҚАТЫСТЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін ауданымыздағы барлық білім ордаларында соңғы қоңырау соғылып, мыңдаған түлек жаңа өмірге қадам басты. Айрықша күнге орай аудан әкімі Шаға ауылдық округінде орналасқан Молда Мұса мектебінің соңғы қоңырау іс-шарасына арнайы қатысып, мектеп ұжымын, оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.
Салтанатты жиында аудан басшысы оқу жылының қорытындыларына тоқталып, білім саласындағы жетістіктерді ерекше атап өтті. Биыл аудан бойынша 44 мемлекеттік және 18 жекеменшік мектепті 1684 оқушы 11-сыныпты, 2089 оқушы 9-сыныпты аяқтағанын айтып, бұл көрсеткіш – ұстаздар мен ата-аналардың жүйелі еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Сіздер – еліміздің болашағы, туған жеріміздің тірегі боласыздар. Туған ауылыңызды, мектебіңізді ұмытпай, қай жерде жүрсеңіздер де елге адал қызмет етесіздер деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деп түлектерге ақ жол тіледі.
Шара барысында оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, мектеп ұжымы мен ата-аналар жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, үздік оқушылар мен ұстаздарға аудан әкімінің атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Молда Мұса мектебі соңғы жылдары материалдық-техникалық жағынан айтарлықтай жаңарып, жаңа оқу кабинеттері мен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл – білім сапасын арттырудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Салтанатты шара мектеп ауласында түлектердің естелік вальсімен және соңғы қоңырау сыңғырлы үнімен қорытындыланды.
Сауран ауданы әкімінің баспасөз қызметі
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1003161?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді