Целиноград ауданының түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылғы 23 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданының барлық жалпы білім беру мекемелерінде соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты шаралар өтті. Биыл 792 он бірінші сынып және 1965 тоғызыншы сынып оқушысы мектеппен қоштасты.

Соңғы қоңырау мерекесі – оқушылардың өміріндегі маңызды және символдық оқиға. Бұл күні олар мектеппен, ұстаздарымен, балалық шағымен қоштасып, ересек, өз бетінше өмір сүру кезеңіне аяқ басады.

Аталған мереке Ақмол ауылындағы мектеп-гимназиясы үшін ерекше маңызға ие болды. Биыл бұл білім ордасын тұңғыш түлектер — 45 он бірінші сынып оқушысы аяқтап отыр. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында салынған жаңа жайлы мектептің алғашқы түлектері. Заманауи мектеп 2024 жылғы қыркүйекте пайдалануға беріліп, аз уақыт ішінде сапалы білім мен тәрбиенің орталығына айналды.

Шаттыққа толы вальс ырғағымен түлектер сынып жетекшілерінің жетелеуімен құрмет шеңберін айналып өтті.

Мектеп-гимназиядағы салтанатты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан басталды.

Мерекеге жиналған түлектерге, ұстаздар мен ата-аналарға Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол ұстаздар қауымына ерен еңбегі үшін алғысын білдіріп, ата-аналарға қолдаулары үшін ризашылығын жеткізді. Ал түлектерге — алдағы емтихандарда сәттілік, жарқын болашақ пен мықты денсаулық тіледі.

Мектеп директоры Майра Байболатова да сөз алып, оқушылардың білімге құштарлығы мен белсенді өмірлік ұстанымын атап өтіп, ата-аналар мен ұстаздарға бірлескен еңбектері үшін алғыс айтты.

Мерекенің ең әсерлі сәті — мектеппен қоштасу вальсі мен соңғы қоңыраудың үні болды. Бұл – балалықпен қоштасып, үлкен өмірге алғашқы қадам басудың белгісі.

Целиноград ауданының әкімдігі барлық түлектерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтайды! Мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз өмір жолында сенімді тірек болсын. Мұғалімдер мен ата-аналарыңыздың еңбегіне лайықты табыстарға жетіп, армандарыңыз орындалсын! Емтихандарда сәттілік, алда — жарқын болашақ пен биік белестер тілейміз! Сәт сапар, ақ жол қадірменді жас түлектер!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1003253?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді