
Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шөкеманов Өмірхан Ибаханұлын еске алуға арналған жүгіру марафоны өтті.
Марафон Ынталы ауылының кіре берісінен басталып, Д.Қонаев көшесіне дейін жалғасып, жалпы ұзындығы 6.5 шақырымды құрады.
Марафонның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамда бірлік пен отансүйгіштікке, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Шөкеманов Өмірхан Ибаханұлының спорттағы жетістіктерін дәріптеу. Шара Ынталы ауылының 1988 жылғы туылған ауыл жастарының бастамасымен ұйымдастырылды. Марафонға 50-ге жуық белсенді жастар қатысты.
Марафонда Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы, Ө.Шөкемановтың шәкірті Ғ.Сәрсенбаев, Сауран аудандық мәслихаттың депутаты А.Раматуллаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Жұмабекова, ауыл ақсақалдары, Майдантал ауылдық округінің әкімі Ж.Досболов сөз сөйлеп, марафонға қатысқан жастарға алғысын айтып, жеңімпаздарды құттықтады.
Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
1-орынды – Аманбек Закир,
2-орынды – Қабылбек Тұрар,
3-орынды – Зұлқарнайын Фирдауси иеленді.
Оларға арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталып, ауыл ақсақалдары мен қонақтар спортшылардың белсенділігін жоғары бағалады.
Сонымен қатар, ерекше номинациялар бойынша марапаттар табысталды. Ең жас қатысушы Тілеуберген Думанға – алғыс хаттар табысталды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1002948?lang=kk
Жауап қалдыру