
Ескі Иқан ауылындағы Мәдениет үйінде Түркістан облысы әкімдігі мен “AMANAT” партиясы және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» тікелей қолдауымен, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жібек жолының жауһары» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.
Айтыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды.
Жыр додасының басты мақсаты – айтыс өнерін кеңінен насихаттап, Абай мұрасын ұлықтау, ел бірлігі мен тарихтағы батырлар ерлігін дәріптеу болды. Сонымен қатар, Сауран ауданының жетістіктері мен тарихи тұлғаларын да ақындар жырларына арқау етті.
Айтысты аудан әкімінің кеңесшісі Мухамеджан Ергешбайұлы арнайы ашып беріп, ақындарға сәттілік тіледі, елдің рухын көтеретін жыр додасының әділ әрі мазмұнды өтуіне тілектестік білдірді. Ақындар алдын ала белгіленген тақырыптар бойынша жұппен өнер көрсетті. І жұпта Бекарыс Шойбеков пен Сырым Әуесхан «Біз достықтың мекеніміз» тақырыбын жырлады. ІІ жұп – Шұғайып Сезімхан мен Нұрзат Қару «Отбасы бақыты – шаңырақ шаттығы» тақырыбында айтысты. ІІІ жұпта Аян Ниязбек пен Ахметрасул Баянбай «Ауылым алтын бесігім» тақырыбын көтерді. Ал ІV жұп – Қажымұхан Абзалов пен Нұрмахан Жақыпбек «Жеңістің жаққан алауын» тақырыбында сөз сайыстырды. V жұптағы Мейіржан Жақып пен Нұрдәулет Өмірбек «Абай жолы – өмір жолы» тақырыбында өнер көрсетті. VI жұп – Еркебұлан Қайназаров пен Қалижан Білдашев «Еңбек адамы – ел мақтанышы» тақырыбын арқау етіп, көрерменге мазмұнды айтыс ұсынды.
Аламан доданың қазылар алқасына танымал айтыс жанашыры Оразымбет Бөрібай төрағалық етті. Қазылар алқасы әділ шешім қабылдап, әр ақынның шеберлігіне, тапқырлығына және тақырыпты ашудағы өнеріне лайықты баға берді.
Айтысқа аймақтың әр түкпірінен келген белгілі және жас ақындар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар шешімімен жеңімпаздар төмендегідей марапатталды:
Бас жүлде – Бекарыс Шойбеков – 1 000 000 теңге,
І орын – Еркебұлан Қайназаров – 600 000 теңге,
ІІ орын – Нұрзат Қару – 450 000 теңге,
ІІІ орын – Қажымұхан Абзалов, Қалижан Білдашев, Шұғайып Сезімхан, Сырым Әуезхан әрқайсысына 350 000 теңгеден табысталды.
Арнайы жүлделер иегерлеріне 250 000 теңге көлемінде сыйақы берілді:
Тәушен Абуова атындағы жүлде – Аян Ниязбек, Әселхан Қалыбекова атындағы жүлде – Мейіржан Жақып, Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлде – Нұрмахан Жақыпбек, Түркістан облысы Мәдениет басқармасының жүлдесі – Ахметрасул Баянбайға, Сауран ауданы әкімінің арнайы жүлдесі – Нұрдаулет Өмірбекке табысталды.
Айтыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендер рухани ләззат алды. Бұл жыр сайысы — айтыс өнерін дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени іс-шара болды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1002956?lang=kk
Жауап қалдыру