Қазақстанның қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесінде адамға барынша жақындатылған көмек көрсету тетіктерін дамыту басым бағыттардың біріне айналуда. Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие нысандардың бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтерді үй жағдайында көрсету. Мұндай формат қызмет алушының үйреншікті өмір ырғағын бұзбай, отбасынан ажыратпай кәсіби қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
2023 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 бұйрығымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына» (бұдан әрі – Бұйрық) сәйкес реттеледі. Аталған нормативтік құжаттар азаматтардың құқықтарын, қызмет алушылардың санаттарын, қызмет түрлерін және оларды көрсету тәсілдерін бекітеді.
Қызмет алу құқығына ие азаматтар: психоневрологиялық патологиясы бар бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі және тірек-қимыл аппараты бұзылған бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, он сегіз жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдар.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді үй жағдайында көрсетудің мақсаты – азаматтар үйінен шықпай-ақ кешенді көмек ала алатындай жағдай жасау. Бұл – әсіресе денсаулығына байланысты жүріп-тұруы шектеулі жандар мен толыққанды күтімді қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ отбасылар үшін аса маңызды.
Бұйрықпен келесі арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көзделген: әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер – азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу, тамақ дайындауға, үй жинауға, кір жууға көмек, гигиена құралдарымен, киіммен, техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз ету.
Медициналық қызметтер (құзыреті шегінде) – дәрі қабылдауды бақылау, қан қысымын, дене температурасын өлшеу, денсаулық жағдайын қадағалау, қажет болған жағдайда дәрігер шақыруға және медициналық мекемеге еріп баруға жәрдемдесу.
Психологиялық қызметтер – күйзеліс пен алаңдаушылықты жеңу бойынша кеңес беру, әлеуметтік оқшаулану және эмоционалдық күйдің нашарлауына байланысты қолдау көрсету.
Педагогикалық және әлеуметтік-мәдени қызметтер – когнитивтік және тұрмыстық дағдыларды сақтау, бос уақытты ұйымдастыру, оқу, шығармашылықпен айналысу, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен мерекелерді өткізу.
Құқықтық қызметтер – әлеуметтік құқықтар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, құжаттарды рәсімдеуге, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік қолдау шараларына өтініш беруге көмектесу.
Еңбек және кәсіби бағдарлау қызметтері – мүмкіндігінше үйде еңбек қызметін ұйымдастыруға көмектесу, өзіне-өзі қызмет көрсету және дербес өмір сүру дағдыларын дамыту.
Қызметтерді көрсетер алдында азаматтың қажеттіліктеріне кешенді бағалау жүргізіледі, себебі жеке көзқарас – тиімділіктің негізгі шарты. Осы бағалаудың негізінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша жеке бағдарлама әзірленеді. Онда қажетті шаралар тізімі, бару жиілігі және жауапты мамандар көрсетіледі.
Қызмет көрсету жұмыстары мульти дисциплинарлық топтармен жүзеге асырылады. Олардың құрамына әлеуметтік қызметкерлер, медицина қызметкерлері (құзыреті шегіндегі), психологтар және басқа да мамандар кіреді. Мұндай тәсіл нақты қажеттіліктерге сай кешенді көмекті қамтамасыз етеді.
Үйде көрсетілетін әлеуметтік қызметтер мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Қызметтерді ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдарды конкурс арқылы тартуға болады.
Азамат немесе оның заңды өкілі өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), қалалық және аудандық жұмыспен қамту бөлімдері немесе электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.
Үй – көмекке кедергі емес, тек қамқорлық кеңістігі. Үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету – бұл жай ғана ыңғайлы формат емес, бұл – адамның қадір-қасиетіне деген құрметтің және оның жасына, денсаулық жағдайына не өмірлік жағдайына қарамастан лайықты өмір сүру құқығының көрінісі. Мұндай қызмет түрі үйреншікті өмір салтын сақтауға, жақындармен байланысты нығайтуға, оқшауланудан және өмір сапасының төмендеуінен қорғауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда үй жағдайында көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер гуманистік және инклюзивті әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуда. Бұл қолдау түрін дамыту – еліміздің барлық азаматы үшін әділеттілік, қолжетімділік және тең мүмкіндіктер қағидаттарын іске асыруға бағытталған стратегиялық басымдық.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-kyzylorda/press/news/details/1002638?lang=kk
Жауап қалдыру