
20 мамыр күні «Ел мақтаны – білім мен дарыны қатар өрілген ұрпақ» тақырыбында аудан әкімі мен дарынды оқушылардың салтанатты кездесуі өтті.
Шараға Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Бораш, аудан әкімінің орынбасары Қанағат Назарханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Жаулиев, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Т.Жолышов, мектеп директорлары, оқушылардың ата-аналары мен жетекшілері қатысты.
Алдымен оқушылар аудан әкіміне өздерінің республикалық ғылыми жобада алған жетістіктері жөнінде айтып, таныстырды.
«Заман талабына сай зерделі, ой-өрісі жоғары, білімді балаларды қолдау – қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі. Бұл тұрғыда ауданымызда сапалы білім беруді қамтамасыз етуге жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Шәкірттеріміз өнер, білім, спорт додаларында топ жарып, жетістіктердің биігінен көрініп жүр. Аймақта алдымен облыстық байқауларда аудан намысын қорғап, кейін республикалық додаларда ел абыройын асқақтатқан оқушылардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. ҰБТ нәтижелері жылдан жылға тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл – білім сапасының артуын, талапкердің дайындық деңгейінің жақсарғанын көрсетеді. 2022-23 оқу жылында 828 бітіруші арасынан 340 грант иегері болса, өткен оқу жылында 806 бітірушіден 389 оқушы грант иегері атанды. Грант санының артуы – талапкерлерге үлкен мүмкіндіктер ашып, жоғары білім алуға жол салады.Былтырғы оқу жылында 8 оқушы республикалық жетістікке жетсе, биыл ауданымыз олимпиада мен ғылыми жобалар конкурсының нәтижесі бойынша 25 оқушыдан 20 оқушы республикалық жетістіктерге жетіп отыр. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білген, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамытқан ұстаздарға және осының бәріне жағдай жасаған әр ата-анаға алғыс білдіргім келеді.» деді Рахымжан Ысқақұлы. Кездесуде оқушылар түрлі олимпиадалар мен байқаулардағы жетістіктерімен бөлісіп, болашаққа деген жоспарларын айтты. Шара соңында аудан басшысы дарынды оқушыларға Алғыс хатпен марапаттады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-beyneu/press/news/details/1002096?lang=kk
Жауап қалдыру