
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы бүлдіршіндерге рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында көшпелі қойылым ұйымдастырды. Театр әртістері «Нұрлы сәт» балабақшасына арнайы барып, танымал балалар жазушысы Ә.Тәсілованың «Бұғы мен қасқыр» атты тәрбиелік мәні терең ертегісін сахналады.
Қойылым барысында кішкентай көрермендер орман тынысымен танысып, адалдық пен мейірімділіктің, достық пен әділеттің маңызын ұғынды. Ертегі кейіпкерлері – дана бұғы мен айлакер қасқырдың арасындағы тартыс балғындардың жүрегіне жол тауып, олардың бойында жақсы мен жаманды айыра білуге деген ынта оятты.
Актерлердің шебер ойыны, түрлі-түсті декорациялар мен әсерлі музыка балаларды ертегінің сиқырлы әлеміне елітіп әкетті. Әсіресе, қойылымнан кейінгі кейіпкерлермен емен-жарқын әңгіме мен естелікке түскен суреттер кішкентай көрермендер үшін ұмытылмас сәтке айналды.
Осындай көшпелі қойылымдар арқылы театр ұжымы жас ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастырып қана қоймай, оларды халық ауыз әдебиетіне, сахна өнеріне деген сүйіспеншілікке баулуды мақсат етеді. Бұл – тек өнер мерекесі ғана емес, рухани жаңғырудың жарқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1002446?lang=kk
Жауап қалдыру