
Женева, 2025 жылғы 22 мамыр – Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры Дарен Тангқа өзінің сенім грамотасын ресми түрде тапсырды.
Кездесу барысында Тұрақты өкіл Төребаев Қазақстанның ДЗМҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделілігін білдіріп, елдің зияткерлік меншік саласындағы белсенді қатысуын, соның ішінде білім беру бастамалары мен әлеуетті арттыру бағдарламаларын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Тараптар ДЗМҰ Бас директорының 2025 жылғы 28-29 мамыр аралығында Астана қаласына жоспарланған ресми сапарын талқылады. Сапар аясында Қазақстан Республикасы Президентімен кездесу көзделуде. Сұхбаттасушылар бұл сапар стратегиялық серіктестікті, әсіресе кадр даярлау және зияткерлік меншік саласындағы арнайы бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңіне айналады деп сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және инновацияны, білім беруді және орнықты дамуды қолдауға бағытталған бірлескен бастамаларды дамытуға өзара ниетті екендерін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1002583?lang=kk
Жауап қалдыру