
КЕЛЕС: ОШАҚТЫДАҒЫ 6 АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округінде халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы округтегі Жиделі елді мекенінде 300 орындық жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Биыл Сарыжылға ауылында дәл осындай мектеп құрылысына жер телімі дайындалып, құжаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Ошақты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
Ашық диалог форматында өткен жиында округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инфрақұрылымның жай-күйі және халықты алаңдатқан мәселелер талқыланды. Кездесу барысында округтегі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды.
Өткен жылы Береке елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне тапсырылса, Ошақты ауылында жеке инвестиция есебінен заманауи клиникалық орталық бой көтерді. Атақоныс, Жиделі және Еңбек ауылдарында фельдшерлік пункт салу үшін жер бөлініп, тиісті құжаттар әзірленіп жатыр.
Инфрақұрылым саласында да бірқатар ілгерілеушілік бар. Бірнеше елді мекеннің ішкі көшелеріне асфальт төселіп, жол сапасы жақсарды. Қазіргі таңда Қоңыртөбе мен Береке ауылдарында қосымша көше жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Электр желілері мен бағаналарын жаңарту үшін жобалар әзірленіп, басқармаға ұсынылған.
Табиғи газбен округтегі 7 елді мекен толық қамтылған болса, қалған 6 ауылда газ тарту жұмыстары биыл аяқталмақ. Ауыз су барлық ауылдарға жеткізілгенімен, жаз айларында су тапшылығы байқалуына байланысты кестемен беріледі. Су сапасын арттыру үшін үш елді мекенде су тазарту құрылғылары жұмыс істеп тұр.
Ауыл шаруашылығына қажетті ағын су мәселесі де шешімін табуда. Өткен жылы бірнеше каналдар механикалық әдіспен тазаланса, биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, егістікке су жеткізу мүмкіндігі артуда. Су тасқынының алдын алу үшін каналдар мен арықтар тазаланып, арнайы су бұру арналарында реттеу жұмыстары жүргізілген.


Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1001379?lang=kk
Жауап қалдыру