
ЖАМБЫЛДА МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ АСҚАҚТАДЫ
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Жамбыл облысында салтанатты іс-шаралар кең ауқымда ұйымдастырылып, руханият саласының ардақты өкілдеріне айрықша құрмет көрсетілді. Байзақ ауданының көркем табиғат аясында, ашық аспан астында өткен басты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, кәсіби мерекесін атап өтіп жатқан сала қызметкерлерін шын жүректен құттықтады.
Өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде мәдениет – халықтың рухани байлығы мен болмысының алтын діңгегі екенін атап өтіп, осы бағытта еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегіне жоғары баға берді. Ол мәдениет пен өнерді өркендету жолында қажырлы еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге мерекелік марапаттарын табыстады.
Сондай-ақ, Жамбыл облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев пен облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай да өз әріптестеріне жылы лебіздерін білдіріп, сала үздіктеріне құрмет көрсетті.
Мерекелік күннің аясында ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған ауқымды шаралар өтті. Кітап сүйер қауымға арналған рухани көрмелер, тарихи жәдігерлердің экспозициясы, балаларға арналған «Балауса» циркінің жарқын қойылымдары көрермендерді тәнті етті. Қазақтың дәстүрлі тағамдарынан жайылған кең дастархан мен әзіл-сықақ жанрын сүйетіндерге арналған карикатуралық көрме мерекенің ажарын аша түсті. Сонымен қатар ұлттық спорт ойындарынан сайыстар өткізіліп, көпшілік назарына қазақ халқының ерлік пен төзімділікті дәріптейтін дәстүрлі спорт түрлері ұсынылды.
Салтанатты кеш әрі қарай Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы ұйымдастырған мерекелік концертке ұласты. Кештің шымылдығы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының тақырыптық көрінісімен түріліп, кейіннен филармония әртістерінің орындауындағы әсерлі әндер мен би композициялары кеш көрігін қыздырды.
Жамбыл жұртшылығы бұл күнді өнер мен руханият саласына тағзым ретінде қабылдап, мәдениет қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне тағы бір мәрте құрмет көрсетті. Ел руханиятының кемелденуіне қызмет етіп жүрген шығармашылық иелерінің еңбегі ешқашан елеусіз қалмайтыны тағы бір мәрте дәлелденді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1001355?lang=kk
Жауап қалдыру