
Ақмола облысының оқушылары үшін «Сокол» балаларды сауықтыру лагері қайта ашылды. Биыл бұл орталық ұзақ үзілістен кейін алғаш рет балаларды демалту және сауықтыру мақсатында қабылдап отыр.
Мемлекет басшысының елімізде 50 жаңа балалар лагерін ашу жөніндегі тапсырмасы аясында аталған сауықтыру орталығы толық жаңғыртудан өтті. Жекеменшік инвестиция есебінен лагерьде күрделі жөндеу жүргізіліп, асханасы мен жиһаздары жаңартылды, аумағы абаттандырылып, қауіпсіздік талаптары толық қамтамасыз етілді.
12 маусым күні «Сокол» балаларды сауықтыру орталығы алғашқы лагерлік ауысымды қабылдады. Жаз бойы мұнда 8 бен 15 жас аралығындағы 2 мыңға жуық бала демалады. Барлығы алты ауысым жоспарланған.
Лагерьдің салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысып, өңір басшысы Марат Ахметжановтың атынан жылы лебізін жеткізіп, балаларға жарқын жаз бен ұмытылмас әсер тіледі.
Балалардың күлкісі мен шат-шадыман ойынына толы «Сокол» лагері қайта жанданып, әрбір баланың жүрегіндегі бақытты жаздың бастауына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1023595?lang=kk
Жауап қалдыру