Ақтөбеде ауқымды жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде 

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе-Хромтау-Ақтөбе» бағытындағы, сондай-ақ, Ясный-2 т/а көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарын бағамдады. 

Алдымен, өңір басшысы барған Бауыржан Момышұлы даңғылынан Солтүстік айналма жолға дейінгі (Хромтау трассасы) автомобиль жолдарын орташа жөндеу жобасы – «Агрофирма Көквест» ЖШС-нде. Мердігер міндетіне алған жол құрылысының ұзындығы – 21 600 метрді құрайды. 

Қала әкімі Азамат Бекет Ақтөбеде жол жөндеу бойынша жүзеге асырылған жобаларды тілге тиек етті. Ал «Агрофирма Көквест» ЖШС учаске бастығы Жақсылық Өтебаев аталған учаске бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның сөзінше, биыл «Агрофирма Көквест» ЖШС Хромтауға кіріп-шығатын трасса, Көктем т/а – Бөкенбаев көшесі, Жібек т/а – Биекенов көшесі, содан кейін №55 орта мектептің кіреберіс жолдарын жөндейді. Сонымен қатар, Бөкенбаевтың бойындағы Жайық көшесі де бар. Оның бірінші қабатын салып қойған, енді екінші қабатын төсейді. 

«Біз қазір Ақтөбеге баратын бағыттың бәрін фрезерлеп, 60 мың шаршы метр жерге асфальт төсеп тастадық. Қалаға қарай бағытталған жолдың қалың қабатын төсейміз. Кейін қайта айналып келіп, үстіңгі қабатын саламыз. Бір жағын бітірген соң, екінші жағын бастаймыз. Бару және қайту жолының ұзындығы 21 600 метрді құрайды. Сондай-ақ, бүгінгі күні қаладан шығаберіс бағытта фрезерлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстың қарқыны жақсы, жаңбыр тоқтаған соң, асфальт төсеуге де кірісеміз», – деді Жақсылық Өтебаев. 

Облыс әкімі «Ақтөбе-Хромтау-Ақтөбе» бағытына қатысты тұрғындар шағымы көп екенін атап өтті. Мердігер компания жол сапасына қатысты азаматтардың талап-тілегін ескеру керек. Сонымен қоса, жұмыстарды жоспарға сәйкес аяқтаған жөн.

Сонымен қатар, өңір басшысы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан «Ясный-2» т/а  учаскелерді аралап, мердігерлермен, инженерлік-техникалық қызметкерлермен тілдесті. Жол құрылысы барысында қолданылатын материал сапасы мен қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмады. 

Учаске басшысы Вадим Конешенконың айтуынша, «Ассана ДорСтрой» ЖШС «Ясный-2» т/а  15 көшеге жол салып жатыр. Төселетін жолдардың жалпы ұзындығы – 9,5 шақырым. Атап өтерлігі, бұл жерде бұрын ешқашан жол болмаған. Жоба аясында көшелердің шеттерінде жүруге арналған арнайы жолдарды абаттандыру да қарастырылған. 

«Жобаның жалпы құны – 1,4 миллиард теңге. Соның 500 миллионынан астамы бүгінгі күнге дейін игерілді. 305 көше шамы орнатылады, 7,5 шақырымдық жауын-шашын суы өтетін арық, велосипед жолақтары салынады. Біз тұрғындармен ақылдасып, қалай ыңғайлы болатынын бірге шешіп жатырмыз. Жай ғана жасап тастау емес, тұрғындарға қолайлы болуын көздейміз. Біздің құрамда 41 адам жұмыс істеп жатыр, оның ішінде 13-і – инженерлік-техникалық қызметкерлер. Инженерлер тұрғындардың өмірін жақсарту үшін бар күшін салып жұмыс істеуде. Ең бастысы – тұрғындардан еңбегімізге құрметпен қарауды сұраймын. Кейде қазықтарды ұрлап, бордюрлерді сындырып кететіндер бар. Биылғы жылы жұмыстарды аяқтаймыз, жоспар бойынша – қыркүйек айы. Кепілдік мерзімі – 7 жыл», – деді «Ясный-2» нысанының учаске бастығы Вадим Конешенко.

«Бұл – тек жол салу ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Сондықтан әрбір бөлігіне дейін мұқият қарап, тұрғындармен кері байланысты жолға қою маңызды. Сапасыз салынған жол – уақыт өте үлкен мәселеге айналады. Сол себепті, жауапкершілікпен қараған жөн. Жыл сайын біз тұрғын алаптардағы жолдарды жөндеуді қолға алып келеміз. Бәрін бірден жасау мүмкін емес. Осылай бірте-бірте жасай береміз», – деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров сондай-ақ жұмысшыларға қажетті жағдай жасау, қауіпсіздік талаптарының орындалуын және құрылыс техникасының жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол аталған жобалардың облыстың дамуына қосар үлесі зор екенін және мұндай ауқымды жобалар арқылы қала келбеті ғана емес, тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі де қамтамасыз етілетінін алға тартты.

Сапар соңында облыс басшысы Ақтөбе әкімдігіне жұмыс барысын күнделікті бақылауда ұстауды, тұрғындардың өтініш-тілектерін ескеріп отыруды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1025699?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді