Ақтөбеде XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны аяқталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Бүгін Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы маңындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының ұшу айлағында 22-28 маусым аралығында ұйымдастырылған XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті.

Еске салайық, жиынның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп қатысты.

Дүбірлі додаға елімізден бөлек, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан барлығы 800-ге жуық жас сарбаз келді. Биылғы жиын — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.

Салтанатты жиында облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, қатысушыларды әскери-патриоттық шараның табысты аяқталуымен құттықтады.

«Осындай жиындар жастардың патриоттық рухын көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Айбынды ұрпақ – елдің қорғаны. Жастарымыздың бойындағы қайсарлық пен ұлтқа деген адалдықты осы алаңда тағы бір мәрте көрдік», – деп атап өтті өңір басшысы.

«Айбын» жиыны — жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлікке, тәртіп пен бірлікке баулитын, сонымен қатар ТМД елдері арасындағы достықты нығайтатын маңызды халықаралық алаң болып отыр.

Жиын барысында қатысушылар түрлі әскери-спорттық және зияткерлік сайыстарда бақ сынап, тәжірибе алмасып, достық байланыстар орнатты.

Шара соңында жеңімпаз командалар мен үздік қатысушылар марапатталып, жиын салтанатты түрде жабылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1026208?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді