Түркістан төрінде қасиетті күй өнерін дәріптейтін республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өз мәресіне жетті. Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында өтті.
Еліміздің әр өңірінен келген 23 қатысушы екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбековтің таңдаулы шығармаларынан классикалық күй орындадды. Содан соң екінші кезеңде оркестр сүйемелдеуімен жеке домбырамен өнер көрсетті. Бұл күйшілердің орындаушылық шеберлігімен қатар, сахна мәдениеті мен күйді терең сезіну қабілетін бағалауға бағытталған.
Өнер сайысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жүзбай Жанғали, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті, ҚР Мәдениет қайраткері күйші-зерттеуші Әбуғазы Мұрат, ҚР Мәдениет кайраткері Шымкент Саз колледжінің ұстазы Анашев Марат, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дирижеры Шыңғыс Исаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға ұстазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Құдайбергенова әділ қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Алматы облысынан келген қатсушы Мейірбек Әзімбаевқа бұйырды. І орынды Назымбек Сатпанов (БҚО Орал қаласы), ІІ орынды Асқарбаева Аяулым (Астана қаласы) мен Тұрлыбай Нұрлыбек (Шымкент қаласы), ІІІ орын Сейілхан Сайлауов (Қарағанды облысы), Жүнісбек Медет (Алматы қаласы) пен Жақсылық Ғалымжан (Түркістан облысы) иеленді.
Сондай-ақ үш қатысушы байқау дипломанты атанды. Бұдан бөлек Төлеген Момбеков, Нұрғиса Тілендиев және Сүгір Әлиұлы атындағы арнайы жүлделер табысталды.
Өнер сайысын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, Ұлттық домбыра күнімен құттықтаған болатын. Сондай-ақ бұл шараның ұлттық өнерді дәріптеуде маңызды екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Марапаттау рәсімен қатысып, бас жүлдені табыстады.
Айта кетейік, байқауды Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқаудың мақсаты – мәдени мұра мен ұлттық болмысты насихаттау, ұлы даланың төл өнері саналатын күйді ұлықтау, оңтүстік аймағының күй өнерін дәріптеу. Сондай-ақ дарынды орындаушыларға жол ашып, жас буынды дәстүрлі өнерге баулу, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
Жауап қалдыру