
Елордадағы Триатлон саябағында қала күніне орай «Астана – болашақтың қаласы» жас өнертапқыштар байқауы өтіп жатыр, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінгі іс-шара – жас ұрпақтың жаңашыл идеясын, өнертапқыштық қабілетін көрсетуге арналған бірегей алаң.
Іс-шараны елорданың Алматы ауданы әкімдігі ұйымдастырып отыр.
«Байқауға 5 бағыт бойынша барлығы 19 жоба, яғни 38 оқушы қатысып отыр. Олар: 1) Смарт құрылғылар (ақылды үй, тұрмыстық құрылғылар); 2) Робототехника және автоматтандыру; 3) Экологиялық инновациялар; 4) Мобильді қосымша немесе IT жүйесі; 5) Ұлттық нақыштағы заманауи жоба.
Әр команда өз өнертабыстарын таныстырып, қазылар алқасына 3-4 минуттық презентация жасайды. Мәселен, Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектеп-лицейінің оқушылары «SMART YURT – заманауи киіз үй» жобасын, «Елордалық экоферма – таза өнім өндіру» жобасын, Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының оқушылары «Құлтемір Темірбек» – робот жобасын, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушылары «Сабын бүріккіш» – тұрмыста қолданылатын автоматтандырылған құрылғы» жобасын және т.б. ұсынып отыр. Жалпы ұсынылып отырған барлық жоба – өте қызықты», – деді Алматы ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Аида Меңдібаева.
Бес адамнан құралған қазылар алқасы жобаларды бағалау кезінде идеяның жаңалығын, қолдану аясын, жобаның қорғалуын, дизайны мен құрылымын, сондай-ақ экологиялық, әлеуметтік маңызын ерекше назарға алады.
«Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының» оқушылары Нұрдәулет Асқар, Ақниет Айтжан «Құлтемір Темірбек» – робот жобасын жасады.
Байқау соңында жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1030485?lang=kk

Жауап қалдыру