
Түркия Республикасының Қаратай ауданында «Lavanta Festivali» (Лаванда фестивалі) аясында Сауран ауданының делегациясы арнайы шақыртумен қатысып, мәдени-рухани бағдарламамен өнер көрсетті.
Фестиваль шеңберінде ұйымдастырылған мәдени іс-шара барысында Саураннан барған өнерпаздар ұлттық өнерімізді паш етіп, қазақ әні мен күй шеберлігін сахнада ұсынды. Күй «Әлқисса», «Самал тау», «Елім-ай», «Елім менің» атты туындылар көрермен жүрегінен орын тапты. Сонымен қатар, түрік тіліндегі «Allahım neydi günahım» әні орындалып, екі ел арасындағы рухани байланысқа ерекше рең берді.
Іс-шара барысында Сауран ауданы әкімінің орынбасары, делегация жетекшісі Мұхаммеджан Жұмадуллаев алғы сөз сөйлеп, түбі бір түркі халықтарының бауырластығы мен мәдени сабақтастығын атап өтті.
— Бірлік бар жерде – тірлік бар, туыстық бар жерде – ырыс бар. Бұл фестиваль – рухани байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға жол ашатын маңызды алаң, — деді делегация жетекшісі.
Сауран өнерпаздарының шеберлігі мен ұлттық нақыштағы орындаулары түрік ағайындардың жоғары бағасына ие болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Фестиваль соңында тараптар екіжақты мәдени ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдіріп, бауырлас елдер арасындағы достықтың дәнекері болатын жобалар легі жалғасатынын жеткізді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1031302?lang=kk

Жауап қалдыру