
Үйтас-Айдос су қабылдағышындағы жұмыстар шеңберінде ұзындығы 50,7 шақырым, диаметрі 800 мм құрайтын су құбыры толық төселді. Сонымен қатар ұзындығы 998 метр болатын Кеңгір су қоймасы арқылы өтетін дюкер өткелін төсеу, II көтеру сорғы станциясын реконструкциялау, сондай-ақ аймақты абаттандыру жұмыстары да аяқталды.
2024 жылдың желтоқсан айынан бастап құбыр арқылы Жезқазған қаласына сынақ режимінде су беріліп жатыр. Қазіргі уақытта қауіпсіздік сигнализациясына қатысты іске қосу және реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба толық іске асқан жағдайда, Жезқазған қаласының ауызсуға деген сұранысының 30%-ын жерасты су көздері арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Есқұла су құбыры жобасы аясында Сәтбаев қаласына дейінгі ұзындығы 51 км магистральдық су құбыры және Сәтбаев пен Жезқазған арасындағы 15 км су құбыры төселді. Сонымен қатар көлемі 10 мың текше метр болатын екі жаңа су сақтау резервуары салынды, 5 мың текше метрлік екі резервуар реконструкцияланды. Жаңа сорғы станциясы, қойма ғимараты, ауыстырып қосу камерасы салынып, трансформатор орнатылды. Жұмыс істеп тұрған сорғы станциясы реконструкцияланып, 8 су құбырының 7-еуі пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда жұмыстар Жезқазған қаласындағы су құбырында және ІІІ көтеру сорғы станциясының аумағында жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды 2025 жылдың шілде-тамыз айларында аяқтау жоспарланған. Бұл ретте 2022 жылдан бастап сынақ режимінде Сәтбаев қаласына және Жезді кентіне су беріле бастағанын айта кетейік. Бұл жоба Жезқазған қаласын да ішінара ауызсумен қамтуға бағытталған.
Бұған қоса, биыл Айдос және Есқұла жерасты су кен орындарында бұрынғы ұңғымалардың орнына жаңа ұңғымалар бұрғылау жұмыстары басталды. Бұл жобалар сондай-ақ ұңғымалардан бастап реконструкцияланған сорғы станциясына дейін ұзындығы шамамен 20 шақырым болатын коллекторлар мен құбырлар салуды көздейді.
Бұл жобалар Сәтбаев және Жезқазған қалаларындағы 90 мыңнан астам адамды ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
«Министрлік жүзеге асырып жатқан екі жоба да аяқталуға жақын. Бұл ретте елді мекендер сынақ режимінде ауызсумен қамтамасыз етіліп жатыр. Жезқазған қаласы мен облыстың басқа да елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар да жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін министрлік Қазақстан бойынша жалпы халқы 500 мың адамды құрайтын 150 елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында 1500-ден астам тұрғыны бар, бұрын ешқашан орталықтандырылған су жүйесі болмаған 4 ауыл бар», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1031125?lang=kk

Жауап қалдыру