«Есірткісіз Маңғыстау»: жастар апталығы қорытындыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстау облысында 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «Санаңды сақта» жастар апталығы өтті. Апталық «Есірткісіз Маңғыстау» жобасы аясында, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастамасымен ұйымдастырылды. Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Апталық аясында бірқатар маңызы бар іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, 23 маусым күні «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында мобильді ақпараттық науқан ұйымдастырылды. Науқан аясында халық көп жиналатын қоғамдық орындарда ақпараттық брошюралар мен жадынамалар таратылып, тұрғындарға нашақорлықтың зияны мен оның алдын алу жолдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

24 маусымда Ақтау қаласында «Санаңды сақта» атты далалық квест өтті. Онда өңірлік инфлюенсерлер, журналистер мен жастар ұйымдары өкілдерінен құралған 10 команда есірткіге қатысты бірнеше тапсырмалар орындады.

25 маусым күні 3 іс-шара өтті. Атап айтқанда, «Таза сана» оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды. Шараға жастар ресурстық орталықтарының мамандары мен психологтар қатысып, зиянды әдеттердің алдын алу, есірткіге қарсы күрес бойынша біліктіліктерін арттырды. Сондай-ақ, Ақтауда теңіз жағалауында жас суретшілердің облыстық байқауы өтті. Байқауға 14–34 жас аралығындағы кәсіби және әуесқой суретшілер қатысты. Қатысушылардың әрқайсысы есірткіге қарсы өз көзқарасын шығармашылық тұрғыда жеткізді. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Олар турнир аясында жастар гір көтеру, ләңгі тебу, қол күрес, асық ату бойынша тартысқа түсті.

26 маусым күні «Есірткісіз Маңғыстау» атты жастар конференциясы өтті. Конференцияға аддиктолог Бекше Жұмағали, «Meow» телесериалының бас кейіпкері Дамир Амангелдин, «Черный двор» телехикаясының актері Ақжол Примбетов және психолог-аналитик Мади Абдукеев қатысып, жастармен ашық пікір алмасты.

Апталық 27 маусымда облыс аудандарындағы спорттық жарыстармен қорытындыланды. Бейнеуде веломарафон, Түпқарағанда жүгіру марафоны, Қарақияда 3×3 стритбол, ал Маңғыстау ауданында шағын футболдан жарыс өтті. Жарыстарға жалпы 100-ге жуық жас қатысып, салауатты өмір салтын сақтауға атсалысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-zhastar/press/news/details/1031738?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді