
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Рахымұлы Балабиев Сауран ауданына арнайы іс-сапармен келіп, Шаға ауылдық округінде орналасқан және өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралады.
Сапар барысында халық қалаулысы өндірістік аймақта жұмыс істеп тұрған бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтары көрсетілді. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды шығарады. Аталған техника ауыл шаруашылығын заманауи әрі үнемді тәсілмен дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, депутат «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдерімен де танысты. Бұл мекеме білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірісімен айналысады. Соңғы үш жыл ішінде компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһаздармен қамтамасыз еткен. Бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сай стандартталған жиһаздар әзірленіп, еліміздегі оқу мекемелеріне жеткізілуде. Сондай-ақ, кәсіпорын «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына қажетті медициналық жабдықтарды да шығарады.
Қайрат Балабиев өндіріс орнындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, отандық кәсіпкерлікті дамыту, импортты алмастыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1031380?lang=kk
Жауап қалдыру