Ақтөбе облысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 900-ден астам құрылыс жұмысы басталған

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбе облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың алғашқы алты айында өңірде құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы 933 хабарлама тіркелген. Бұл көрсеткіш тұрғын үймен қатар білім беру, денсаулық сақтау, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, өндірістік саладағы нысандарды қамтиды.

Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтан Аманчин мәлімдеді. Оның айтуынша, басқарма тарапынан сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында лицензия беру, қайта рәсімдеу, қосымша жұмыс түрлерін енгізу бойынша қызметтерді уақытылы көрсеткен. Сарапшыларды аттестаттау да жүргізіліп, бұл бағытта шағымдар мен кешігу фактілері тіркелмеген.
 

🔺

Баяндамадан белгілі болғандай, есепті кезеңде 18 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 40-тан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Заң бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдың жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асты. Нұсқама негізінде тиісті кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылданған. Сонымен қатар, заңсыз салынған құрылыс нысандарына қатысты сотқа талап-арыздар жолдануда. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы «Көктем» тұрғын алабында рұқсатсыз салынған 18 пәтерлі үйді бұзу туралы іс – сот қарауында.

Облыс аудандары – Хромтау, Алға, Мұғалжар, Темір, Ырғыз және Ойылда – құрылыс сапасын бақылау мақсатында мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс сапарлары ұйымдастырылыпты.
 
Ал қала келбетін жақсарту бағытында Ақтөбе қаласының әкімдігі және полиция қызметімен бірлесіп, құрылыс алаңдарына тексерулер жүргізілуде. Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 505 және 630-баптары бойынша 50-ден астам хаттама толтырылған.
 
Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында 2023 жылдың басында ұзақ жылдар бойы құрылысы аяқталмаған 12 нысанның 10-ы бойынша мәселе шешілген. Оның бірі – бұрынғы автоорталық орнына сауықтыру орталығының құрылысы жүріп жатыр. Екіншісі – тұрғын үй кешені, оның тапсырыс берушісі ауыстырылып, құжаттары рәсімделу үстінде.

Өңір басшысы Асхат Шахаров облыстағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен заңдылығына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді. Құрылыс кезеңінде жүк көліктерінің қала көшелерін ластауына жол берілмеуі тиіс.
 

💭

 

«Құрылыс маусымы басталғалы бері бірқатар мердігер компаниялар тарапынан қаланың санитарлық жағдайына нұқсан келтіретін әрекеттер тіркелуде. Жолдарды ластау, құрылыс алаңдарын тиісті түрде қоршамау, дөңгелек жуу құрылғыларының болмауы сынды кемшіліктер жиі кездесіп отыр. Қаланың көшелерін ластауға, құрылыс алаңдарын ретсіз ұстауға жол берілмейді. Полиция департаментімен бірлесіп, мұндай заңбұзушылықтарға қарсы нақты шара қабылдау қажет. Құрылыс – бұл тек ғимарат салу ғана емес, бұл – адамдардың қауіпсіздігіне, сеніміне жауап беру. Сондықтан құрылысқа жауапты әрбір тарап бұл міндетті толық сезінуі тиіс»,

– деді облыс әкімі.
 
Әкім барлық әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтау үшін қала және аудан әкімдерімен бірлесіп бақылауды күшейту қажеттігін айтып, сөзін түйіндеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar/press/news/details/1032961?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді