Қызметте – тәртіп сақшысы, үйде – қамқор әке – Ернар Ғинаятов

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қоғам тыныштығын күзету – тек жұмыс уақытымен шектелмейтін жауапкершілік. Кез келген сәтте қызметке шақырту алуға, төтенше жағдайға тап болуға дайын тұратын полицейлер үшін форма – жай киім емес, абыройдың, сенімнің белгісі. Осындай қызметтің мәнін терең түсініп, азаматтық міндетін адал атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Атырау қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Ернар Қалыбекұлы Ғинаятов.
Қызметіне адалдықпен қарап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшысы үшін полиция формасын кию — тек бала күнгі арманының орындалуы ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті арқалау. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында нәтижелі жұмыс атқарып жүрген инспектор өз ісіне шын жүрегімен берілген мамандардың қатарында.
Бүгінде Ернар жұбайы Жадырамен бірге өмірдің жаңа белесіне қадам басып, егіз ұлдары Ахмад пен Асадты тәрбиелеуде. «Қызмет — өмірімнің бір бөлігі. Ал отбасым — ең үлкен тірегім. Жұмыстан шаршап келсем де, балаларымның күлкісі мен жан жарымның мейірімі барлық қиындықты ұмыттырып жібереді», – дейді полиция майоры. Қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызмет ететін полицей жұмысында қандай жауапкершілік жүктелсе, отбасында да дәл сондай сезіммен әке рөлін абыроймен атқарып келеді. Ернар үшін әр күннің сәтті өтуі отбасының қолдауы мен жылуына байланысты екенін айтады.
«Балаларыма дұрыс тәрбие беру — отбасым мен Отаным алдындағы парызым», – дейді ол. Жұбайы Жадыра үшін Ернар — тек сенімді серік қана емес, нағыз отбасының тірегі. Кешкісін жұмыстан келген сәттерде егіз ұлдарының қасында болып, бірге уақыт өткізу — жас ата-ана үшін өмірдің ең жарқын сәттері.
Әріптестері Ернардың кәсібилігі мен еңбекқорлығын жоғары бағалайды. Олардың айтуынша, ол — өз ісіне мұқият қарап, тұрғындармен ашық, сенімді қарым-қатынас орната білетін инспектор. Қызмет барысында әр азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, қолдан келгенше көмектесуге тырысады. Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында білім алған Ернар еңбек жолын Атырау қалалық полиция басқармасында учаскелік инспектор болып бастаған. Қазіргі таңда майор шеніндегі тәжірибелі полицей ретінде тұрғындардың амандығы мен тыныштығын сақтау жолында қызмет етуде.
Қоғам алдындағы міндет пен әке ретіндегі борышты тең ұстау – Ернардың өмірлік қағидасы. Ол үшін қызмет те, отбасы да – шынайы жауапкершілік пен жүрекпен атқарылатын іс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1034139?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді