
Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес 13 шілде күні ауылдық округ әкімдерін тұрғындар тікелей өздері сайлады.
Сайлау нәтижесі бойынша басым дауыспен жеңіске жеткен Рахимбердиев Әбдіжаппар Әдбіхайымұлын Сарыағаш аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Шешімімен Қызылжар ауылдық округ әкімі болып тағайындалды.
– Қызметті адал,әділ және абыроймен атқарыңыз! Ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізуді, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді тапсырамын, – дей келе аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл әкімінің алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Сарыағаш аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Тоқтамұрат Балабаев қызметтік куәлігін табыстады.
Рахимбердиев Әбдіжаппар Әдбіхайымұлы 1965 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын 1986 жылы Жамбыл атындағы колхозда жұмысшы болып бастаған. 1987 – 1992 жылдары аралығында Кеңес Одағы партия ұйымында бірқатар қызметтер атқарған. 1993 – 1995 жылдары шекарадағы және көліктегі мемлекеттік ветеринарлық бақылау басқармасының маманы,1995 – 2013 жылдары жеке кәсіпкер болған.
2013 – 2021 жылдары Құркелес ауылдық округі әкімі, 2021жылдан бастап 2025 жылдың шілде айына дейін Қызылжар ауылдық округі әкімі лауазымдарында қызмет атқарған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1034377?lang=kk

Жауап қалдыру