
Бүгін аудандық мәдениет сарайының кіші мәжіліс залында сегізінші сайланған Отырар аудандық мәслихатының кезекті жиырма алтыншы сессиясы өтті. Сессияны мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов ашып, жүргізіп отырды. Сессия отырысына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлімдер мен мекеме басшылары, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде 8 мәселе қаралды. Атап айтқанда: 2024 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту туралы; Отырар ауданының ауылдық округтері бюджеттерінің 2024 жылғы атқарылуы жөніндегі есептері туралы; Отырар аудандық мәслихатының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы №22/126-VIІІ «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Отырар ауданының жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған жоспарын бекіту туралы; Отырар ауданының көшелеріне атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстарды енгізу туралы; Отырар аудандық мәслихатының 12 шілде 2024 жылғы № 17/95-VIII «Отырар ауданы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы; Отырар аудандық мәслихатының 12 мамыр 2023 жылғы №2/8-VIII «Отырар ауданы әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы; Отырар аудандық мәслихатының 2024 жылғы 12 шілдедегі №17/97-VIII «Отырар ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» мәселелер қаралып, дауысқа салынды.
Жиында сессия қарауына енгізілген мәселелер бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Біржан Әшір баяндама жасап, атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері жайлы атап өтті.
Аудандық және ауылдық округтердің бюджеттерін бекіту, жайылымдық жерлерді пайдалану, аудан көшелеріне атау беру секілді бірқатар мәселелер аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысында жан-жақты қаралып, пысықталды. Талқылау кезінде тиісті сала басшылары хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Тұрақты комиссиялардың мәжілісінде күн тәртібіндегі мәселелер әбден пысықталып, талқыланғандықтан сессияда айтылған ұсыныстар қолдау тауып, шешім жобалары бір ауыздан бекітілді.
Сессия жұмысын қорытындылаған аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов барлық пайдаланылған бюджет қаражаты қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешуге бағытталуы қажет екендігін айта келе, олар нақты нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті.
Сессия отырысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауданды дамытуға арналған бағдарламаларды қабылдауда және оны бекітуде депутаттық корпустың жұмысының маңыздылығын айта келе, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1035261?lang=kk

Жауап қалдыру