
Ағымдағы жылдың 18 шілдесінде Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелері бойынша және әкімшілік өндіріс туралы семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске Департамент басшылығы, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары қатысты. Аудандық басқармалардың басқа да қызметкерлері онлайн түрде қатысты.
Семинар-кеңеске Алматы қаласына іссапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (бұдан әрі – Комитет) құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Рита Абдукасымовна Ширинбекова және бақылау-қадағалау қызметін үйлестіру басқармасының басшысы Алина Серікқызы Темірхан арнайы шақырылды.
Комитеттің өкілдері халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалаудың жаңа тәсілдерін, оның ішінде біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру, жедел ден қою шаралары, тергеп-тексеру мәселелері, сондай-ақ әкімшілік өндіріс туралы кеңінен баяндама жасады.
Семинар-кеңеске қатысушылар негізгі қызметке байланысты туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойып, Комитеттің өкілдерінен толық жауаптар алды. Сондай-ақ Комитеттің өкілдері кеңеске қатысушыларға жұмыс барысында қолдану үшін бірқатар ұсынымдар берді.
Сондай-ақ Департамент және аудандық басқармалардың қызметкерлерінің білім деңгейін анықтау бойынша сауалнама жүргізіліп, нәтижелері қаралды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1037127?lang=kk


Жауап қалдыру