Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жетілдіруде айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізуде. Олардың қоғамға толыққанды араласуына, өзін-өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі – оңалту шаралары. Бұл бағытта ҚР заңнамасы нақты міндеттер мен құқықтық кепілдіктерді айқындағанымен, оны іске асыруда бірқатар өзекті мәселелер де бар.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі, сондай-ақ «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы» БҰҰ Конвенциясы еліміздегі мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік, медициналық, кәсіптік және психологиялық оңалтуына құқық беретін басты құжаттар болып табылады. Әлеуметтік кодексте ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер кешені, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету, оңалту мекемелерінде ем алу тетіктері қарастырылған.
Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ету – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соның ішінде олардың тұрмыстық, әлеуметтік, медициналық және кәсіби оңалтуын жүзеге асыру – заңмен бекітілген маңызды міндет. Бұл әрбір мүгедектігі бар адам үшін абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы (АОЖБ) әзірленеді және оның орындалуы барлық мүдделі тараптар үшін міндетті болып табылады.
Әлеуметтік кодекс пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес, АОЖБ – мүгедектігі бар адамның денсаулығын, еңбек ету және әлеуметтік бейімделу мүмкіндігін қалпына келтіруге бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары. Бұл бағдарламада, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар, арнаулы әлеуметтік қызметтер, медициналық оңалту шаралары, кәсіби оқыту мен жұмысқа орналасу ұсыныстары көрсетіледі.
АОЖБ-ны орындау – денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің бірлескен жауапкершілігі. Бағдарламаның орындалуын жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер), сондай-ақ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің жергілікті департаменттері бақылайды.
Соңғы жылдары оңалту шараларын тиімді ету мақсатында «Әлеуметтік қызметтер порталы» іске қосылды. Бұл портал арқылы мүгедектігі бар адам өзіне қажетті құралдарды өзі таңдай алады. Сонымен қатар, оңалтудың бірыңғай жүйесі енгізілуде, жеке сектордың белсенділігі арттырылуда, үйде қызмет көрсету мүмкіндіктері кеңеюде.
Мүгедектігі бар адамдарға оңалту қызметтерін көрсету – бұл жай ғана техникалық үдеріс емес, бұл оларға лайықты өмір сүру құқықтарын қамтамасыз ету тетігі. Заңнама талаптарын орындау, АОЖБ-ны уақтылы және сапалы жүзеге асыру – мемлекеттің, жергілікті органдардың, әлеуметтік қызмет көрсетушілердің және жалпы қоғамның ортақ міндеті. Басты мақсат – кедергісіз орта мен тең мүмкіндіктерді қалыптастыру.
Оңалту саласында жүйелі өзгерістер орын алуда. Алайда, заңнамада белгіленген құқықтар мен кепілдіктердің толық іске асуы – тек мемлекеттік құрылымдарға емес, қоғамның әрбір мүшесіне, оның ішінде әлеуметтік сала мамандарына, жергілікті атқарушы органдарға да байланысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-kyzylorda/press/news/details/1038287?lang=kk

Жауап қалдыру