
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен тұрғын үйге арналған жер телімдерінде заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандар бойынша комиссия отырысы өтті. Жиынға аудан прокурорының орынбасары Сухрабжан Каххаров, аудан әкімінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары, ауыл әкімдері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер қатысты.
Отырыс барысында бірінші мәселе бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев баяндама жасап, тұрғын үйге арналған мақсаттағы жер телімдерінде кәсіпкерлік мақсатта нысандардың салынуы заң талаптарына қайшы екенін атап өтті. Мұндай заңсыз құрылыс нысандары елді мекендердің жоспарлы дамуына кедергі келтіріп отырғаны айтылды.
Келесі мәселе бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Нұрмұхаммед Сұлтанмурат сөз алып, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Шаға ауылдарында жүргізілген түсіндіру жұмыстары туралы баяндады. Аталған ауылдарда кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, жерді мақсатты пайдалану талаптары мен құқықтық жауапкершілік түсіндірілген.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сала басшыларына заң бұзушылықтарды жою, түсіндіру жұмыстарын барлық елді мекендерде жалғастыру және халықпен кері байланысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, комиссия тарапынан заңсыз салынған нысандар бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылып, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1039060?lang=kk

Жауап қалдыру