
Ақтау қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтеру, кәсіпкерлердің жауапкершілігі және өңірдегі базарларды жаңғырту мәселелеріне арналған жиын өтті. Кездесу өңірлік кәсіпкерлер палатасында өтіп, оған мемлекеттік органдар мен сауда саласында қызмет ететін кәсіпкерлер қатысты.
Жиынның басты мақсаты – кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру және кәсіпкерлердің заңға сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жиында көтерілген маңызды мәселелердің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын 15%-дан көтермеу. Бұған дейін бұл тәртіп бұзушылықтар үшін ескерту берілсе, 2025 жылдан бастап мұндай әрекеттерге айыппұл салынады.
Сонымен қатар, жиында жергілікті өнім өндірушілерді қолдау мәселесі де қозғалды. Ішкі сауда ережесіне сәйкес, сауда сөрелерінің кемінде 30%-ы отандық, жергілікті өніммен толтырылуы тиіс. Бұл талаптың орындалуы – отандық кәсіпкерлердің дамуына жол ашып, өңірлік экономиканың нығаюына сеп болады.
Жиын барысында Маңғыстау өңіріндегі базарларды жаңғырту жұмыстары туралы да айтылды. Бүгінде өңірдегі 5 базар жаңғыртылула. Оның ішінде 3 базардың 90%-ы аяқталып, қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал, қалған 2 базарда құрылыс жұмыстары көңіл қуантпайды. Осыған байланысты тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талап орындалмаған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертілді.
– Барлығымыз – тұтынушымыз. Азық-түлікті күнделікті тұтынамыз. Сондықтан жаңғыртылған, заманауи талаптарға сай базарлар – саудагерлер үшін де, тұтынушылар үшін де қолайлы. Ал егер де сауда әлі күнге дейін контейнерлерде жүріп жатса, бұл – өткен ғасырдың үлгісі, – деді МО сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев.
Айта кетейік, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Қазіргі таңда үкіметтен бөлінген қаражаттың есебінен кәсіпкерлер базарларды жаңғырту жұмыстарына немесе жаңа сауда нысандарын салуға жеңілдетілген қаржы ала алады. Бұл – кәсіпкерлерге жасалған үлкен мүмкіндік.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1040412?lang=kk

Жауап қалдыру