
Бүгін Қасым үйінде Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараның мақсаты-медицина мекемелерінің қызметкерлеріне «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңына сәйкес көрнекі ақпаратты дұрыс жазу және орналастыру міндетін түсіндіру.
Жиынға Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық мемлекеттік медициналық мекемелердің өкілдері қатысты.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Алма Қабыкенқызы Шалабаева медицина саласы мамандарына заң талаптарын түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, емханалар мен ауруханаларда көрнекі ақпарат (мекеме маңдайшалары, атаулар, хабарлама тақтайшалары, ақпараттық деректер, прейскуранттар мен сыртқы жарнамалар) «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес мемлекеттік тілде рәсімделуі тиіс.
Жиын барысында қатысушылар мемлекеттік тілді меңгерудің тегін мүмкіндіктері туралы да мағлұмат алды.Тіл оқыту курстарының жұмысы таныстырылды.
Тіл жанашыры Арнабек Дәулетбекұлы Әкімбеков медициналық мекемелерде көрнекі ақпаратқа қатысты бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өтті. Ол кейбір мекеме басшыларының бұл мәселеге немқұрайлы қарайтынын , қатені түзеуге асықпайтынын қадап айтты.
Медициналық мекеме қызметкерлері өз кезегінде кемшіліктер анықталса, белгіленген мерзім ішінде түзетілетінін жеткізді.
Оқырман назарына!Қарағанды қаласында «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жоба қолға алынған.Жоба аясында кәсіпкерлерге көрнекі ақпаратты тегін аудару қызметі ұсынылады.
Аударма қызметі бойынша: 8-775-163-00-00
Тіл курсына жазылу үшін: 8-702-448-98-68 хабарласу қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-til-damytu/press/news/details/1040198?lang=kk

Жауап қалдыру