
Шымкент қаласында қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған «Көмек» дағдарыс орталығында «Әділет кеңес береді» тақырыбында Ашық есік күні өтті. Іс-шараның мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік және электрондық қызметтер бойынша кеңес беру, сондай-ақ құқықтық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Іс-шараға келесі мекеме өкілдері мен мамандар қатысты:
* Шымкент қалалық Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің бас маманы – М. Шері,
* Жеке сот орындаушы – А. Құдайберген,
* Нотариус – А. Ерімбет,
* Адвокаттар алқасының мүшесі – С. Жұмаділләев,
* «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілі – А. Прманов.
Азаматтарға алимент өндіру, ажырасу, жеке куәлік рәсімдеу, ЖСН алу және өзге де құқықтық мәселелер бойынша заң шеңберінде кеңестер берілді.
Іс-шара барысында Әділет департаментінің көрсететін мемлекеттік қызметтері туралы ақпарат ұсынылды, сондай-ақ электрондық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, азаматтардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін арттыру және цифрландыру мақсатында жасанды интеллект негізінде арнайы агент әзірленіп, ол «Әділет» және «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйелеріне енгізілгені хабарланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-shymkent/press/news/details/1040576?lang=kk

Жауап қалдыру