
Түркістан облысында аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларының рейтингтік жүйесі әзірленген. Әрбір мекемеге индикаторлар бекітіліп, әр тоқсан сайын нәтижесі шығарылып, тұрақты талқыланады. Осы жұмыстар нәтижесінде биылғы 6 айда облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 118%-ды құрап, өңір республикада бірінші орынға шықты.
Облыс әкімідігінде өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен 2025 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстық алқа мәжілісі өтті. Маңызды жиынға аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары қатысты, Мәжілісте облысты дамыту, индикаторларды орындау мәселелері талқыланды. Рейтинг соңындағы аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептері тыңдалып, тиісті сын-ескертпелер айтылды. Облыс әкімі жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
– Облысты дамыту бағытында рейтнг жүйесі енгізілді. Әр тоқсан сайын алқа мәжілісін өткізіп, көрсеткіштерді талқылайтынымызды айтқан болатынмын. Сол арқылы аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары өз жұмыстарын, жоспарларын біледі. Бүгін алғашқы алқа мәжілісін өткізіп отырмыз. Жартыжылдықтағы көрсеткіштер сараланып, жоспарлар жасалады. Баяндамаларыңызда тапсырмаларды орындау жөнінде уәде бермей, оны қалай орындайтындарыңыз туралы айтыңыздар. Жалпылама сөз емес, нақты жоспар, нақты іс қажет. Баршаңызға белгілі, облысымызда 2024-2030 жылдарға экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша Жол картасы бекітілген болатын. Әсіресе, инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуына басымдық беріңіздер. Өндіріс орындарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілсін. Бекітілген Жол картамасы орындалмаған жағдайда жауапкершіліктеріңіз қаралатынын ескертемін. Үшінші тоқсан қорытындысымен бекітілген индикаторларды толық орындауды тапсырамын, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1040924?lang=kk

Жауап қалдыру