
25 шілде күні Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүзеге асыру барысы туралы жиын өтті.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында қала көлемінде қоғамдық орындарды ластаудың алдын-алу мақсатында Ақтау қаласы Полиция басқармасының барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Экологиялық шара барысында бүгінгі күнге дейін шаһарда барлығы 9 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Бұл туралы жиында Ақтау қаласы ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары Нұрлан Рахаев мәлімдеді.
– Әкімшілік Кодексінің 434-2-бап ортақ пайдаланылатын орындарды ластау дерегі бойынша – 2667 құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар Әкімшілік Кодексінің 505-бап қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру фактісі бойынша – 6569 құқық бұзушылық анықталды, – деді Нұрлан Рахаев.
«Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде қаламызда 16-шілдеден бастап «Таза Ақтау» жобасы іске қосылды. Жоба аясында қаладағы тазалық пен санитарлық тәртіпті сақтау мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлесіп мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Алғашқы тексеріс шаралары нәтижесінде 7 кәсіпкерлік нысанның санитарлық жағдайы, көше тазалығы және экологиялық нормаларға сәйкестігі тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Анықталған кемшіліктерге байланысты барлық кәсіпкерлік субъектілеріне Әкімшілік кодексіне сәйкес ескертулер берілді. Қазіргі таңда бұл нысандарға белгіленген мерзімде анықталған кемшіліктерді жою бойынша тапсырмалар жүктелді.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1041304?lang=kk

Жауап қалдыру