
Ақмола облысында кешенді су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Соның ішінде Астрахан, Сандықтау және Атбасар аудандарындағы өзен арналарының түбін тереңдету мен ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Астрахан ауданына жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі Марат Ахметжанов атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Астрахан ауданындағы Қалқұтан өзенінің ерекшелігі көктем мезгілінде бұл арнамен Бурабай, Бұланды және Шортанды аудандарындағы су қоймаларынан су ағады. Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс әкімдігі тарапынан су бұру, елді мекен маңындағы бөгеттерді нығайту, өзен арнасын кеңейту және бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Ескі Қалқұтан ауылында ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын Қалқұтан өзенінің арнасын тазарту және жағалауын бекіту жұмыстары аяқталуға жақын. Жобаға сәйкес, өзеннің ені 5 метрден 36 метрге дейін кеңейтіліп, түбі 1 метрден 5 метрге дейін тереңдетілуде. Арнаға өзен түбін тереңдетуге арналған техника тартылған. Жұмыс өткен жылы басталып, «Демеу Қазақстан қоры» қорының демеушілігімен қаржыландырылуда.
Жұмысты жүзеге асырып жатқан мердігер ұйым – «Көкшетаугидрогеология» АҚ бас директоры Сансызбай Хаметовтың айтуынша, негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл шаралар ауылды су басу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Марат Ахметжанов облыс көлемінде су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар жүргізудің маңыздылығына назар аударды.
«Басты міндет – бұл кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Мұндай шаралар тек Астрахан ауданында ғана емес, көршілес аудандардағы бөгеттер мен басқа да гидротехникалық нысандар да ретке келтірілуі тиіс. Сонда ғана су арнасын кезең-кезеңімен өткізуге мүмкіндік туады», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ су тасқынына қарсы шаралар аясында ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын Ескі Қалқұтан ауылына апаратын жолға күрделі жөндеу жобасы әзірленуде.
Атбасар ауданында облыс әкімі Жабай өзенінің арнасын тереңдету мен кеңейту жұмыстарының барысын көріп, аудан әкімінің 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша кешенді жоспардың жүзеге асырылуы жөніндегі есебін тыңдады.
Аудан әкімі Кенеш Әлімжановтың айтуынша, су тасқынының алдын алу мақсатында Ақан Құрманов, Новомариновка, Сочинское, Сергеевка, Ащыкөл, Тимашевка және басқа да ауылдарда 30 іс-шара көзделген. Қазіргі таңда 22 су өткізу құрылысы орнатылып, 5,8 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері тұрғызылған, шамамен 14 шақырым канал мен арықтар тазартылған. Ауқымды жобалардың бірі – ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын Жабай өзенінің түбін тереңдету және арнасын кеңейту жұмыстары. Жобаның арқасында биыл өзендегі су кедергісіз өтті.
Сапар қорытындысы бойынша облыс басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақытылы жалғастыруды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1041887?lang=kk

Жауап қалдыру