“БЖЗҚ” АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) enpf.kz сайтындағы “Статистика және аналитика – Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару” бөлімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылардың (бұдан әрі – ИПБ) зейнетақы активтерін басқаруы туралы есебін ұсынды.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ҚРҰБ мен ИПБ-лардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 24 001,78 млрд теңге. Осы күнгі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған, ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 23 474,82 млрд теңге[1] болды. ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің көлемі – 462,20 млрд теңге.
ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 64,76 млрд теңге.
ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде теңгерімді инвестициялық саясатты ұстанады: валюталар, елдер, секторлар және эмитенттер бойынша қаржы құралдарының сан-алуан түрлеріне инвестициялайды.
2025 жылғы 1 шілдеге МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары мынадай: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 43,71%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,02%, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 3,18%, ҚРҰБ депозиттері – 1,29%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,73%, МҚҰ – 1,20%.
2025 жылғы 1 шілдеде МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфель мынадай: ұлттық валютадағы инвестициялар – 58,33%, АҚШ долларымен – 41,66%.
Табыстылықтың қысқа мерзімді ауытқуларына қарамастан, 2024 жылғы шілдеден бастап 2025 жылғы маусымды қоса алғандағы соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс мөлшері шамамен 2,53 трлн теңгені құрады, осы кезеңдегі кірістілік – 12,22%, инфляция мөлшері – 11,80%.
2025 жылғы 1 шілдедегі ЖМЗЖ инвестициялау бағыттары мынадай: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 97,04%, ҚРҰБ депозиттері – 2,62%, инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражат – 0,34%.
ЖМЗЖ есебінен инвестициялық портфель тек ұлттық валютада номиналданған қаржы құралдарынан тұрады.
2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы кірістілігі 12,15% көрсетті.
[1] зейнетақы жарналары мен төлемдер шоттарындағы ақшаны есепке алмағанда
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-munayli/press/news/details/1042389?lang=kk
Жауап қалдыру