Қаржы министрлігі өкілдерінің халықпен кездесулері мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Мұндай ашық диалог қаржы саясатының негізгі аспектілерін, соның ішінде салық заңнамасы мен бюджеттік бағдарламалардағы өзгерістерді түсіндіруге ғана емес, сонымен қатар халықтан кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Бұл кездесулер азаматтар мен кәсіпкерлер тап болатын нақты мәселелер мен қажеттіліктерді анықтауға көмектесіп, мемлекеттік қаржыны тиімді және ашық басқаруға, сондай-ақ билік органдарына деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Осы жоба аясында Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Ақмола облысының кәсіпкерлері мен тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, салық саясатының өзекті мәселелері, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары және жергілікті кәсіпкерлер мен азаматтар кездесетін қиындықтар талқыланды.
Әсет Тұрысовтың айтуынша, 2024 жылға арналған мемлекеттік бюджетке Ақмола облысы бойынша салық түсімдері жоспары 101,2%-ға орындалды (жоспар – 488,1 млрд теңге, нақты түсім – 493,8 млрд теңге). Сондай-ақ, ол биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдің 53 мың тұрғыны көлік пен мүлікке салынатын салық бойынша жеңілдіктерді пайдаланғанын, нәтижесінде 143,4 млн теңгеден астам салықтан босатылғанын атап өтті.
Кездесу барысында салықтық әкімшілендірудің цифрлық трансформациясына ерекше назар аударылды. Вице-министр Қаржы министрлігінің «ИСНА», «SDF», Кәсіпкердің Бірыңғай Жеке Кабинеті, сондай-ақ «e-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» мобильді қосымшалары сияқты цифрлық жобаларын таныстырды. Бұл құралдар салықтық рәсімдерді жеңілдетуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және ашықтықты арттыруға бағытталған.
Вице-министр өз сөзін аяқтағаннан кейін өңір тұрғындарының өзекті сұрақтарына жауап берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1043980?lang=kk
Жауап қалдыру