
Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында (БШМКО) интраоперациялық нейромониторинг технологиясын қолдана отырып күрделі нейрохирургиялық операция сәтті орындалды. Бұл — ми мен жұлынның функционалдық жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жоғары дәлдіктегі әдіс.
Аталған әдіс хирургтарға өмірлік маңызды жүйке құрылымдарының маңында жоғары дәлдікпен әрекет етуге жол ашып, отадан кейінгі неврологиялық асқынулардың қаупін едәуір төмендетеді. Бұл әсіресе функционалды маңызды аймақтарда — сөйлеу, қозғалыс немесе сезімталдыққа жауапты құрылымдар жанында жасалатын операциялар үшін өте маңызды.
Нейромониторингті қолдануға көрсеткіштер мыналар:
Ми мен жұлын ісіктері:
– Сөйлеу, қозғалыс және сезімтал аймақтар маңындағы жаңа түзілістер;
– Ми сабағы, таламус, базальды ганглийлердегі ісіктер;
– Жұлын ішіндегі (интрамедуллярлық) ісіктер.
Омыртқа және жұлын хирургиясы:
– Сколиоз және басқа да омыртқа деформацияларына жасалатын операциялар;
– Жұлын ісіктерін жою;
– Жұлын жолақтарына зақым келу қаупі жоғары араласулар;
– Омыртқа тұрақсыздығын түзету, стеноз, жарық секілді жүйке түбірі немесе жұлын қысылған жағдайларды түзету.
«Интраоперациялық нейромониторинг тек араласудың дәлдігін арттырып қоймай, нейрохирургиялық қауіпсіздікті жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біздің клиникада бұл технология негізінен омыртқаға жасалған оталарда қолданылып келеді. Мәселен, spina bifida, омыртқадағы липома мен киста секілді ісіктер, түрлі деңгейдегі бекітілген жұлын диагноздары бар балаларға ота жасалды. Бұл — балалардың қалпына келіп, толыққанды өмір сүруіне жол ашатын мүмкіндік», — деді БШМКО невролог-дәрігері, нейрофизиолог Патма Хашимова.
Аталған әдіс Алматыдағы орталықта 2024 жылдың наурыз айынан бастап қолданыла бастады. Осы уақыт аралығында ондаған балаға нейрохирургиялық көмек көрсетілді. Барлық мамандар Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында арнайы кәсіби даярлықтан өткен.
Операциялар мультидисциплинарлық бригада құрамында жүргізіледі. Команда мүшелері: нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ахан Рахым Айдарұлы, нейрохирург Азамат Нұркее, нейрофизиолог Патма Хашимова.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы алдағы уақытта да жоғары технологиялық және жекелеген (персонализированная) нейрохирургия бағытында дамуды жалғастыра бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1043953?lang=kk
Жауап қалдыру