ШҚО әкімі Глубокое ауданының тұрғындарымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің қазіргі жағдайы мен даму жоспарлары туралы кеңінен баяндады.

Глубокое ауданы – Шығыс Қазақстандағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан маңызды өңірлердің бірі.  Аудан экономикасының негізі – аграрлық сектор. Мұнда өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған, мал шаруашылығы да қарқын алуда: ауданда 16 мыңға жуық ірі қара, 11 мыңнан астам қой мен ешкі, 3,5 мыңға жуық жылқы бар. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 2,5 мың тонна ет өндірілді, оның басым бөлігі жеке шаруашылықтарға тиесілі.

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлері ауыл шаруашылығы, туризм және өнімді өңдеу бағыттары бойынша 17 несие алды. Жобаларды қаржыландыру жалғасады: биыл өңір кәсіпкерлерін қолдауға 4,5 млрд теңге қарастырылған.

Туризмге де ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда демалушыларды қабылдайтын 20-дан астам нысан тіркелген. Жыл сайын мұнда ондаған мың турист келеді. Таулы шаңғы базалары, экотуризм, отбасылық және белсенді демалыс орындары үлкен сұранысқа ие. Туристік инфрақұрылым кеңейіп, жаңа қонақ үйлер мен демалыс үйлері салынуда. Быструха ауылында экоқонақүй жобасы дамуда, ал Горная Ульбинка ауылында «The Forest» мейрамханасының жанынан қонақ үй кешенінің құрылысы басталды.

Көтерілген маңызды мәселелердің бірі – ауызсумен қамтамасыз ету. Бүгінде аудан халқының 100%-ы сапалы ауыз суға қол жеткізген. Бобровка ауылында су желілерін жаңғырту, жеті ауылда су және кәріз жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бұл мақсатқа 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Белоусовка кентіндегі Гребенюшка шағынауданында да желілерді жөндеу басталды, оған 70 млн теңге қарастырылған. Ауызсу инфрақұрылымын жөндеуге деген сұраныс жоғары, барлық жобаларды биыл аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық мәселесі де талқыланды.  Ауданда үш қазандық жұмыс істейді, 100-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтылған. Глубокое кентінде жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жалғасын табуда. Облыс әкімі жұмыс кестесінің бұзылуына жол бермеуді және барлық жұмыстарды суық түспей  аяқтауды тапсырды.

Тұрғын үй құрылысы бағытында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл аудандағы ауылдарда 24 үй және көпқабатты үйлерде 29 пәтер салу жоспарланған. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 800-ден астам адам тұр, олардың арасында жетім балалар, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал санаттағы азаматтар бар.

Кездесуде цифрландыру мәселесі де қаралды. Бүгінде аудан халқының 98%-ға жуығы интернетпен қамтылған. Алайда алты ауылда әлсіз немесе мүлде жоқ байланысқа қатысты шағымдар бар. Бұл мәселені шешу үшін республикалық жол бойында төрт антенна-мачталық құрылғы орнату және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп қамтуды кеңейту жоспарланған. Қазіргі таңда 18 ауыл мектебіне Starlink спутниктік интернеті орнатылған.

-Біздің алдымызда тұрған басты міндет – бар жетістіктерді сақтап қана қоймай, өңірдің дамуына жаңа қарқын беру. Бұл – агробизнесті, туризмді, инфрақұрылымды қолдау арқылы жүзеге асады. Ең маңыздысы – нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп, әрбір тұрғын өзгерісті өз өмірінде сезінуі тиіс, – деп түйіндеді Нұрымбет Сақтағанов.

Кездесу қорытындысы бойынша аудан әкіміне және тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1043207?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді