
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясының басшысы, Орта Азия бойынша координаторы Серхан Актопрак мырзамен кездесті. Кездесуде аталған көші-қон ұйымымен өзара әріптестік байланыстар, соның ішінде еңбек миграциясы, адами капиталды дамыту мәселелері сөз болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Халықаралық ұйым өкілдерін жылы шыраймен қарсы алған Бейбіт Исабаев алдымен ресми қонақтарды өңірдің жағдайымен қысқаша таныстырды. Сонымен қатар аймақтағы көші-қон мәселесі, соның ішінде еңбек миграциясын реттеу, жұмыс күші жетіспеушілігі мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Бұл ретте Еңбек мобильділігі орталығы мен оның аудандық, қалалық филиалдары болып саналатын мансап орталықтарының ерекше рөлі атап өтілді. Бұл филиалдар еңбек нарығына талдау жүргізіп, халықты жұмыспен қамтуға елеулі ықпал етіп келеді. Осы орайда облыс әкімі еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін сақтау, жастарды қазіргі кездегі қажетті мамандықтарға оқыту ісінде қолға алынып жатқан шараларға тоқталды.
– Бізде ауыл шаруашылығы, жаңартылған энергия көздері, өнеркәсіп салаларының әлеуеті зор. Сондықтан осындай салаларға білікті кадрлар қажет. Осыған байланысты керек кадрлар даярлау ісін заман талабына сай жаңғыртып, жергілікті колледждермен бірлесіп атқара бастадық. Біз Талдықорған қаласында жұмысшы мамандарды тәжірибеден өткізетін орталық салуды жоспарлап отырмыз, – деді Б. Исабаев. Атап өтсек, бұл бағытқа Президенттің биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны ерекше екпін беруде.
Өз кезегінде Серхан Актопрак мырза еңбек миграциясындағы маңызды мәселелерді тілге тиек етті. Оның айтуынша, еңбек мигранты тек табыс тауып қана қоймай, сонымен қатар инновацияларды, озық технологияларды, жақсы идеяларды да өзімен бірге ала келеді. Ол өз сөзінде өңірде жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру үшін оларды жоғары оқу орындарына дейін STEM бағытында дайындайтын Хаб ашуды ұсынды. Сол сияқты жұмысшы мамандарды тәжірибеден өткізудің маңызы зор екенін айтты.
Осы орайда Талдықорғанда ашу жоспарланып отырған орталықты облыс әкімдігі мен Халықаралық ұйым бірлесіп жүзеге асыруға ниеттестік білдірісті.
Сөйтіп аталмыш орталық халықаралық іргелі жоба ретінде еліміздегі осы бағыттағы алғашқы пилоттық жоба болмақшы. Өзінің нәтижесін көрсеткеннен кейін бұл бастаманы басқа өңірлерге, тіпті өзге таяу шетелдерге де үлгі етіп көрсетуге болады.
Кездесу соңында қос тарап өзара әріптестік байланысты одан әрі нығайтуға, өзара бірлескен іс-қимылды жандандыруға мүдделестік білдірді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1043773?lang=kk
Жауап қалдыру