Ақтауда Орталық Азия елдерінің экология министрлері басқосты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 1 тамыз күні Ақтау қаласында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке дайындық аясында Орталық Азия елдерінің экологиялық ведомстволары басшыларының кездесуі өтті.

Іс-шараға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Баходур Шерализода, Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимов, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика комитетінің директоры Дарио Лигутти, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерня қатысты.

Қырғыз Республикасы Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрінің орынбасары Асель Раимкулова жиынға онлайн форматта қатысты. Сонымен қатар, Әзербайжан Президентінің климат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі әрі COP29 Президенті Мұхтар Бабаев жиналғандарға бейнеүндеу жолдады.

Басқосуда тараптар 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит тұжырымдамасының жобасын, көрме мазмұнын және жаңартылған тұжырымдама аясындағы өңірлік бастамаларды талқылады.

Жиынды ашып берген өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай аймақтық күн тәртібіндегі нақты әрі
шұғыл шешуді қажет ететін экологиялық мәселелерді атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Өңірлік экологиялық саммит – болашақ ұрпақтың амандығы мен табиғи байлықты сақтауға бағытталған тың бастама. Маңғыстау – теңіз бен шөлдің тоғысқан мекені. Бұл өлке табиғи ресурстарға бай болғанымен, экологиялық тұрғыда өте осал аймаққа жатады. Сондықтан, біз үшін бұл саммиттің күн тәртібіндегі мәселелер тек ғаламдық деңгейдегі проблемалар ғана емес, аймақтық күн тәртібіндегі нақты әрі шұғыл шешуді қажет ететін мәселелер. Осыған орай, біз бірқатар нақты басым бағыттарды қолдаймыз. Біріншіден, жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Маңғыстау – күн мен желдің елі. Осы
әлеуетті толық пайдалану үшін аймақаралық жобаларды біріге іске асыру маңызды. Екіншіден, жер ресурстарын ұтымды
пайдалану. Шөлейттену мен жайылымның тозуы ауыл шаруашылығының болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан табиғатты қалпына келтіру жобаларын бірлесе дамыту қажет. Үшіншіден, жасыл экономиканы қолдау және экологиялық білімді арттыру, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесу аясында қатысушылар ӨЭС 2026 бағыттары бойынша ұйымдастырылған жасыл стартаптар көрмесіне қатысты. Аталмыш көрме – Орталық Азия елдері экология министрлерінің кездесуіне орай 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит тұжырымдамасын бекітуге арналды.

Ерлан Нысанбаев өңірлік бастамаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу үшін күш біріктіруді ұсынды. Бұл өз кезегінде Орталық Азияның экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

Жиын соңында тараптар кездесідің хаттамасына қол қойды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1044497?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді