Макинск өзгеріп келеді: Бұланды ауданында теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысы Бұланды ауданының Макинск қаласында теміржол вокзалының ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан жолаушылар инфрақұрылымын жаңарту бойынша республикалық ауқымды бағдарлама аясында жаңартылып жатыр. Алдағы айларда вокзал толықтай жаңаша кейіпке енеді. Құрылыс жұмыстарының барысымен облыс әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында танысты.

Жалпы республика бойынша 125 вокзал жаңғыртылмақ. Соның 16-сы – Ақмола облысында, бұл – республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. Өңірде екі мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр – «Жарқын Құрылыс» ЖШС және «Integro Construction» ЖШС. Макинск қаласындағы вокзалдың қайта жаңғырту жұмыстарын соңғысы атқарып жатыр.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп, биылғы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

“Вокзалдың жалпы аумағы – 344,4 шаршы метр. Жоба құны – 161 миллион теңге. Қазіргі уақытта ескі бөліктерді бұзу жұмыстары аяқталып, ғимараттың сырты қапталып жатыр, тірек конструкциялар нығайтылуда, жаңа шатырдың монтажы басталды. Сонымен қатар вокзал аумағын абаттандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс құны шамамен 450 миллион теңге. Қаржыландыру мәселесі облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралады”, – деді Кулаков.

Аталған вокзал ғимараты өткен ғасырдың 50–60-жылдары салынған. Соңғы күрделі жөндеу 20 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Макинск елорда мен облыс орталығының арасында орналасқандықтан, бұл вокзал арқылы жолаушылар ағыны жоғары.

“Бұл ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екені бұрыннан белгілі болатын. Әуелі тек косметикалық жөндеумен шектеледі деп ойладық. Бірақ, іс жүзінде бәрі жаңартылып жатыр. Бұрынғы ғимараттан ештеңе қалмады десе де болады. Енді тек уақытында аяқталса екен дейміз. Бізде студенттер көп, олар жиі қатынайды. Енді жол жүру әлдеқайда ыңғайлырақ болады”, – дейді Макинск тұрғыны Гүлмира Шәріпова.

Сапар аясында облыс әкімі Көкшетау, Щучинск, Атбасар, Ақкөл, Есіл, Ерейментау, Державинск қалаларындағы, сондай-ақ Жақсы, Жалтыр, Аршалы, Шортанды, Никольское, Еркіншілік, Сарыоба және Үленты ауылдарындағы вокзалдардың жөнделу барысы туралы есептерді де тыңдады.

Марат Ахметжанов мердігер ұйымдар мен тиісті басқармаларға құрылыс сапасы мен орындалу мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

“Теміржол вокзалы – бұл қаланың бет-бейнесі. Біз әрбір жолаушы үшін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи инфрақұрылым жасауымыз қажет. Әсіресе Макинск сияқты маңызды елді мекендерде. Барлық нысан сапалы әрі уақытылы аяқталуы тиіс”, – деп атап өтті облыс әкімі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/1044782?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді