ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ КЕНЕН АУЫЛЫНДА БОЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым елдегі құқықтық мәдениетті арттыру мен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне назар аударып келеді. Президент «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамның ішкі мәдениетімен тығыз байланыстыра отырып, оны ел дамуының негізгі іргетасы ретінде атады. Ол азаматтардың құқыққа құрметпен қарауы – елдегі тұрақтылық пен тәртіптің басты шарты екенін атап өткен болатын.

Осы орайда 31 шілдеде Қордай ауданына жұмыс сапарымен келген облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Кенен ауылына барып, жергілікті кәсіпкерлермен, белсенді азаматтармен кездесу өткізді. Ауылдық мәдениет үйінде болған жиынға аудан прокуоры Бірлік Ізбасаров, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысты.

Кездесуде Нұрғалым Әбдіров құқық бұзушылықпен күресте тек салдармен емес, себеппен де жұмыс істеу керектігін атап өтіп, ол құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу жүйесін күшейту қажеттігін нақты мысалдармен түсіндірді. Әрине, тұрғындар тарапынан түскен әр сұраққа жауап беріп, кейбір мәселелерді бақылауға алу бойынша аудандық атқарушы мен құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс прокуроры кәсіпкерлермен кездесу барысында еліміз бойынша алкогольді ішімдік сатудан толығымен бас тартқан елді мекендер турасыда айта келе, осындай ұсынысты ауылдағы ағайынға да жеткізді. Құқық бұзушылықтың негізі осы алкогольді ішімдікті тұтынудан боларын ескерсек, бұл өте мәнді де маңызды ұсыныс болғаны анық. Оны ауыл азаматтары жақсы түсінеді. Осыған дейін «Үлгілі ауыл» атанған кенендіктер бұл ұсынысты да өте жақсы қабыл алып, аудандағы алкогольден бас тартқан алғашқы ауыл атануға дайын екендіктерін жеткізді.

«Құқық бұзушылықтар қоғамның дамуына және оның ішкі тұрақтылығына зиян келтіреді. Сондықтан да тұрғындар расында құқықтық тәртіптің сақталуы – бұл елдегі әлеуметтік тыныштықтың және халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін анықтайтын маңызды жай. Әрбір азаматтың құқықтық білімді болуы және оны күнделікті өмірде қолдана білуі – еліміздің өркениетті дамуына елеулі үлес қосады. Құқық бұзушылықтардың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмейді. Ол, ең алдымен, әр азаматтың құқықтық сана-сезімін дамыту, заңды құрметтеу, құқықтық мәдениетті жоғары деңгейде сақтау арқылы жүзеге асады», – деді облыс прокуроры кездесу барысында.

Еске сала кетсек өткен айда Президен Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» апталығын жариялап, оның бір ретттік акция болмауын шегелеп айтқан еді. Аталмыш шара құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керектігін, азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн, деген еді Президент. Кенен ауылында болған кездесу Президент тапсырмасының нақты жүеге асуы деп білген жөн.

Кездесуден кейін Нұрғалым Мәжитұлы Кенен Әзірбаевтың музейіне ат басын бұрып, ақынның мол мұрасымен танысты.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-korday/press/news/details/1044738?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді