
Сырым ауданында спорт – тек жарыс пен жүлде үшін емес, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт саулығының бастауы ретінде бағаланады. Бүгін аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов облыстық спартакиадаға жол тартқалы отырған ардагер спортшыларды қабылдап, ақжол тілеп, жылы лебізін білдірді.
Ардагерлер – өмір мектебінен өткен, бүгінгі буынға жол көрсеткен шынайы ұстаз. Олардың спортқа деген махаббаты, белсенділігі – жас толқынға жігер мен жіті бағдар. Салауатты өмір салтын ұстану жолында олар тек үлгі емес, нағыз насихатшы.
Аудан басшысы өз сөзінде былтырғы жетістіктерге тоқтала келе:
“Былтыр жүлделі орындармен бәрімізді қуанттыңыздар. Биыл да жеңімпаз болып оралып, Сырым елінің абыройын асқақтатасыздар деп сенеміз. Баршаңызға сәттілік пен жеңіс тілеймін!” – деп, сенім мен серпінге толы ізгі тілегін жеткізді.
Шынайы құрметке бөленген ардагерлерге зор денсаулық, мықты жігер мен биік жеңістер жолдас болсын! Ел намысын арқалап, абыроймен оралар күн де алыс емес. Сырым жұрты сіздермен мақтанады, сіздерге сенеді!
@SYRYMELI

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1044797?lang=kk
Жауап қалдыру