
Жас ғалымдар кеңесімен кездесу: басымдықтар мен ынтымақтастық бағыты айқындалды
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов 2024 жылғы сәуір айынан бері қызмет етіп келе жатқан Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Кеңестің жаңа төрағасы ресми түрде таныстырылып, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттары нақтыланды.
Кездесуде 2025 жылға арналған басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, Кеңестің ғылым саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге қатысуы, жастардың ғылыми бастамаларын қолдау және жас зерттеушілерді ғылыми процестерге белсенді тарту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында Ғылым комитетінің төрағасы жас ғалымдардың ұлттық ғылымды дамытудағы рөлін ерекше атап өтті:
«Сіздер – ғылымның болашағы ғана емес, оның бүгініне серпін беруші күшсіздер. Сіздердің бойларыңызда қуат, тың көзқарас, батыл идеялар мен нәтижеге ұмтылыс сияқты өзгеріс енгізуге қажетті нәрсенің бәрі бар. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және әр қадамдарыңызда қолдау көрсетуге дайынбыз. Ғылымдағы армандарыңызды іске асыру үшін қажетті жағдайларды жасау – біздің ортақ мақсатымыз», – деді ол.
Кеңес жас ғалымдардың бастамаларын ұсынатын және ілгерілететін тиімді алаңға айналуы тиіс. Сонымен қатар ол ғылыми жастар мен мемлекеттік институттар арасында кері байланысты қамтамасыз етудің маңызды тетігі болмақ.
Ғылым комитеті ашық диалог пен сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендігін білдіріп, жас ғалымдарды ғылыми орта дамуына қатысты шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді қатысуға шақырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/science/press/news/details/1045475?lang=kk
Жауап қалдыру