Ақтауда этномедиаторлардың республикалық форумы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 5 тамыз күні Ақтау қаласында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен «ҚХА 30 жыл: бірлік пен келісім» атты Қазақстан халқы Ассамблеясы этномедиаторларының республикалық форумы өтті.

Ауқымды іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов сондай-ақ, республикалық және өңірлік этномедиация орталықтарының жетекшілері, еліміздің әр өңірінен келген делегаттар, этномедиаторлар, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен мәслихат депутаттары, жергілікті мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Ауқымды шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен бірлесіп,  Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетсін, «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтсін»,-деген тапсырмасы аясында өтті.

Форум барысында этномедиация саласындағы бірқатар маңызды тақырыптар талқыланды. Атап айтқанда, өңірлердегі этномедиация институтының даму тәжірибесі, этносаралық қатынастарды реттеудегі тиімді әдістер мен практикалық кейстер, этномедиаторлардың кәсіби даярлығы мен оқыту бағдарламаларының рөлі сөз болды.

Сонымен қатар, қатысушылар этносаралық жанжалдардың алдын алу алгоритмдері, қоғаммен конструктивті өзара іс-қимыл жасау жолдары, халықаралық тәжірибелер және елімізде медиацияны дамытуға арналған негізгі тәсілдер бойынша пікір алмасты.

Жиын барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай елдің дамуы мен қоғамның дұрыс бағытта ілгерілеуі ауызбіршілік пен бірлік болған жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуінде Бас хатшы Қазақстандағы этносаралық татулық пен қоғамдық ауызбіршілікке жоғары баға беріп кетті. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа жұмылсақ қана өңіріміздің, еліміздің әлеуетін арттыра аламыз. Ауызбіршілік пен өзара түсіністік бар жерде ғана нәтиже де, даму да болады. Сондықтан ынтымағымызды бекемдеп, оны барынша дамытуымыз керек,” – деді өңір басшысы.

Форумның соңында бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы марапаттарына ие болды. Этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін қатысушыларға «Алғыс» медалі мен мерекелік алғыс хаттар табысталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1046078?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді