Этномедиация бейбіт диалог құралы ретінде: Ақтауда республикалық этномедиаторлар форумы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «ҚХА-ға 30 жыл: бірлік пен келісім» атты республикалық этномедиаторлар форумы өтті.

Іс-шараға еліміздің 20 өңірінен 200-ге жуық қатысушы жиналды.

Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының орынбасары Әлия Масалимова, өңірлік этномедиация кеңестерінің төрағалары, ҚХА қоғамдық құрылымдарының өкілдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – этномедиацияны қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық және әлеуметтік қақтығыстардың алдын алу мен оларды реттеудің тиімді құралы ретінде талқылау. Спикерлер этномедиацияның тұрақты қоғамдық дамуға ықпал ететін, бейбіт диалог мәдениетін қалыптастыруда маңызды құрал екенін атап өтті.

Форумда кәсіби медиаторларды даярлау, ведомствоаралық өзара іс-қимыл, құқықтық ағарту және қоғамда медиативтік мәдениетті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Панельдік сессия барысында қатысушылар өңірлердегі табысты тәжірибелерін бөлісіп, этномедиацияны елімізде одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елдесу және татуласу» жобасы аясында 28 шілде мен 8 тамыз аралығында өтіп жатқан этномедиацияға арналған ақпараттық-ағартушылық марафонның басты іс-шарасына айналды.

Марафон аясында еліміздің 20 өңірінде бес мыңға жуық адамды қамтыған 100-ден астам іс-шара өтуде. Бағдарламада көшпелі тренингтер, дөңгелек үстелдер, подкасттар, авторлық арнайы курстың тұсаукесері және дауларды соттан тыс реттеу мен этносаралық келісімді нығайтудың тиімді тетігі ретінде этномедиацияны танымал етуге бағытталған басқа да бастамалар бар.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1046143?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді