Шымкентте «Шырайлы, шежірелі құтты мекен» республикалық ақындар айтысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін «Түркістан» сарайында Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қала күні мерекесіне орай  «Шырайлы, шежірелі құтты мекен» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Дүбірлі додаға талай бәйгеде топ жарып, жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Дидар Қамиев, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов сынды сөз жүйріктері  бастаған еліміздің әр өңірінен келген  он екі ақын қатысты. Айтыс тізгінін ұстаған көрнекті ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев болды.

 

Айтыс додасын  Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек құттықтау сөзбен ашып, сөз сайысын тамашалауға келген ағайынға алғысын айтып, бәйгеге шапқалы отырған жүйріктерге сәттілік тіледі.

 

Бүгінгі аламанда  бақ сынаған арқалы ақындар ой ұшқырлығы мен сөзге шешендігін танытып, елді толғандырған өзекті мәселелерді домбыраның күмбіріне қосып, кестелі тілмен жеткізді. Төл өнерге сусап жүрген Шымкент халқы ақындардың терең мағыналы, әсерлі айтысына дән риза болып, зор қошемет көрсетті.

 

Айтыс екі кезең бойынша өтті. Өнер додасына әділ қазылық еткен қазылар алқасының құрамында елге танымал зиялы қауым өкілдері танымал ақындар болды.

Қазылар алқасының төрағасы — Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер, қазақ спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлы болды. Сонымен қатар,  филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Серікзат Мақсатұлы Дүйсенғазин, ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, сондай-ақ айтыс өнерінің майталмандары — Айтақын Бұлғақов, Әдіхалық Әдірайымов, Маржан Есжанова және Өміржан Көпбосын төрелік етті.

 

Қазылар алқасының шешімі бойынша байқау жеңімпаздары анықталды:

Бас жүлде – Нұрлан Есенқұлов (Шымкент қаласы). Жүлде қоры – автокөлік.

І орын – Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы). Жүлде қоры – 2 миллион теңге.

ІІ орын – Біржан Байтуов (Шымкент қаласы) және Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы). Жүлде қоры – әрқайсысына 1,5 миллион теңге.

ІІІ орын – Дидар Қамиев (Қарағанды облысы) және Ержан Әміров (Қызылорда облысы). Жүлде қоры – әрқайсысына 1 миллион теңге.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Майлықожа атындағы арнайы сыйлығы   Алтынкүл Қасымбековаға бұйырды.  (Жамбыл облысы). Жүлде қоры – 700 мың теңге.

Қалған қатысушылар 500 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-til/press/news/details/1046025?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді