
Аграрлық саладағы басты шара фермерлерді, ғалымдарды, бизнес өкілдерін және мемлекеттік органдарды біріктірді. Қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басымдықтарын, мемлекеттік қолдау шараларын және алдағы егін жинау науқанына дайындық барысын талқылады.
Дала күнінде озық агротехнологиялар мен тәжірибелер көрсетіліп, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының арнайы көрмелері ұйымдастырылды, жаңа тұқым сорттары мен агрохимиялық препараттар таныстырылды. Тыңайтқыштар, тұқым және өсімдікті қорғау құралдарын жеткізушілер өз өнімдерін ұсынды.
Іс-шараның негізгі бөліктерінің бірі – семинар-кеңес болды. Онда қатысушылар АӨК дамытудың стратегиялық басымдықтарын, егін жинау науқанына дайындық және қолдау шаралары мәселелерін талқылады.
«Мемлекет аграршыларға жүйелі қолдау көрсетіп келеді – жеңілдетілген несиелеуден бастап қайта өңдеуді ынталандыруға және сыртқы нарыққа шығуға дейін.
Егістік және егін жинау жұмыстарына 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Бұған дейін бұл мақсатқа 70 млрд теңге бөлінсе, биыл 700 млрд теңге бөлінді, яғни 10 есе өсті.
Өндіріс шығындарын төмендетуді барлық фермерлік санаттары үшін қолжетімді етуге жұмыс істеп жатырмыз. Қаржыландырудың қамтылуы 2 жылда 3,5 мыңнан 14 мың қарыз алушыға дейін артты. Уақытылы берілген жеңілдетілген несиелердің арқасында аграршылар тыңайтқыш, тұқым, қосалқы бөлшектер сатып алып, жұмысшылардың еңбекақысын қолжетімді бағамен төлеуге мүмкіндік алды.Маңызды бағыттың бірі – техникалық қайта жарақтандыру. 2025 жылы техникаға жеңілдетілген лизинг үшін 250 млрд теңге бөлінді, 12 мың бірлік сатып алу жоспарлануда. Екі бағдарлама да таза 5% мөлшерлемемен несие беруді көздейді, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды және субсидия төлемін күтуді қажет етпейді. Бұл – жақсы тәжірибе, оны басқа несие бағыттарына, оның ішінде мал шаруашылығына да кеңейтуді көздеп отырмыз: 25 шілдеден бастап Аграрлық несие корпорациясы арқылы айналым қаражатын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды, оған 50 млрд теңге қарастырылған», — деді семинарда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Сонымен қатар, импортты алмастыру бағдарламасын кеңейту жоспарланғаны атап өтілді. Бағдарлама аясында сүт-тауарлы фермалар, құс фабрикалары және ет өңдеу кешендері 2,5% мөлшерлемемен салынатын болады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге қолдау көрсетіледі: 2025 жылы қайта өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатына 44 млрд теңге бөлінді.
Экспортқа ерекше назар аударылуда. Қазақстан АӨК өнімдерін жеткізу географиясын кеңейтуде: дәстүрлі нарықтарға қосымша жаңа бағыттар ашылды – Мысыр, Марокко, Вьетнам, Ұлыбритания, Португалия және басқалары. 2025 жылы Қытаймен 12 ветеринариялық хаттамаға қол қойылды, оның ішінде құс еті, сиыр еті, қой еті, бал және сүт өнімдері бар. Бүгінде Қазақстан АӨК өнімдерін әлемнің 66 еліне экспорттайды.
Семинар-кеңеске қатысушылар Солтүстік Қазақстан облысындағы егін жинау науқанына дайындық барысын талқылады. Науқан 4,3 млн гектарды қамтиды, оның 3 млн гектары дәнді дақылдарға, шамамен 1 млн гектары майлы дақылдарға тиесілі. Өңір аграршылары атқарылған жұмыстардың арқасында жақсы өнім күтуде: егістік алқаптарын әртараптандыру, техниканы жаңарту, 329 мың тонна тыңайтқыш енгізу және жаңа тұқым сорттарын қолдану.
Бұл іс-шара фермерлер, ғылым, бизнес және мемлекет арасында тәжірибе алмасу, салалық мәселелерді талқылау және бірлескен шешімдер қабылдаудың маңызды алаңы екенін тағы да дәлелдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1045823?lang=kk
Жауап қалдыру