
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен сауданың цифрлық трансформациясы, ана мен бала өлімін төмендету жөніндегі шаралар талқыланған Үкімет отырысы өтті.
Басқосуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
«Бүгінгі Үкімет отырысында сауданың цифрлық трансформациясы, ана мен бала өлімін төмендету мәселелері қаралды.
Өңірімізде электронды сауданы дамыту бағытындағы жұмыстарды әлі де күшейтуіміз қажет.
Кәсіпкерлік палатасы, жергілікті кәсіпкерлерді электронды сауда негіздеріне оқытуды тұрақты түрде жалғастыру керек. Қала, аудандарда «Қазпошта» желісінің мүмкіндіктерін кеңінен насихаттап, тауар өндіруші кәсіпкерлердің «Постмаркет» платформасына тіркелуін қамтамасыз етіңіздер.
Өңірімізде ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жоспарлы әрі жүйелі жұмыс бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, статистика департаменті, Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының филиалы, Қызылорда қаласы, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, аймақтағы демографиялық көрсеткіштердің нақты әрі біркелкі болуын қатаң бақылауға алыңыздар.
Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштер жыл соңына дейін толық орындалуы тиіс. Жүкті әйелдер мен балалар денсаулығын нығайтуда медициналық көмек сапалы әрі қолжетімді болуы өте маңызды», – деді Н.Нәлібаев.
Қазіргі таңда өңірімізде тауарлар мен қызметтерді өткізу үшін интернет-ресурстарды пайдаланатын 12 кәсіпорын тіркелген (оның 3-і ресми сайт, 9-ы маркетплейс пайдаланушылар). Олар өткен жылы 48 мыңнан астам тапсырыс жасап, сауда айналымы 292 млн. теңгеге жетті. Тапсырыстарды сақтау мен жеткізу бағытында интернет дүкендердің тарату пункттері жұмыс істейді. Интернет дүкендер өткен жылы 1 млн-нан астам тапсырыс қабылдаған. Өңірімізде «Қазпошта» желісінің 11 супермаркеті бар.
Ана өлімі көрсеткіші соңғы 5 жылда 12 есеге дейін төмендеді. Қабылданған нақты шаралар нәтижесінде нәресте өлімі өткен жылмен салыстырғанда 9 жағдайға, соңғы 5 жылда 21 пайызға азайды.
Көпбейінді облыстық аурухана базасында жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге акушерлік көмек көрсететін 70 төсектік перинаталды бөлімше ашылып, жұмыс жасауда. Жергілікті бюджеттен 1 млрд. 500 млн. теңге қаржы бөлініп, бөлімшеге заманауи құрал-жабдықтар алынды.
Соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 375 млн. теңге қаралып, оның 192 млн. теңгесі мамандарды шет елдерде оқытуға бағытталды.
Ана мен бала саулығына қажетті материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында медициналық мекемелер 4 млрд. 700 млн. теңгеге құрал-жабдықтармен қамтылды.
Балаларға стационарлық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда облыс орталығынан қалалық балалар ауруханасын ашу жұмыстары басталды. Аурухана базасында даму бұзылыстары бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығын ашу үшін «Қазақстан халқына» қоры арқылы 125 млн. теңгеге құрал-жабдықтар алынып, мамандар біліктік жетілдірді.
Аталған қордың қолдауымен Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Осындай орталық жақын күндері Арал ауданында пайдалануға беріледі.
Одан бөлек, «Сәби» қайырымдылық қоры арқылы облыстық балалар ауруханасына 700 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп (қабылдау бөлімі, жарақат бөлімі, операциялық блок), құрал-жабдықтар алынады.
Жиында облыс әкімі жаңа оқу жылы қарсаңындағы міндеттерді пысықтап, тапсырмалар берді.
«Қала, аудан әкімдері 1 апта ішінде білім беру нысандарының аумағындағы жол белгілерін, жаяу жүргіншілер жолдарын қалыпқа келтіріп шығыңыздар.
Облыстық білім, мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру, спорт және туризм, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, Қызылорда қаласы, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, өздеріңізге қарасты мекемелердің ғимараттарындағы ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу жұмыстарын 20 тамызға дейін аяқтау керек», -деді Н.Нәлібаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1046069?lang=kk
Жауап қалдыру