Бауырды қорғай білейік: гепатиттің алдын алу жолдары

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Гепатит – бауыр жасушаларын зақымдайтын және ағзаның өмірлік маңызды қызметтеріне кері әсер ететін қауіпті жұқпалы ауру. Оның A, B, C, D және E түрлері бар. Әсіресе, В және С гепатиті – созылмалы сипат алып, дер кезінде емделмесе, бауыр циррозына немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.
Гепатиттің таралу жолдары әртүрлі: қан арқылы, жыныстық қатынас кезінде, стерильді емес құралдармен медициналық немесе косметологиялық процедуралар жасағанда, сондай-ақ анадан балаға босану кезінде жұғуы мүмкін.
Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні алғаш рет 2008 жылы 19 мамырда Дүниежүзілік Гепатит Альянсының (World Hepatitis Alliance) бастамасымен атап өтілді. Кейін бұл күн 28 шілдеге ауыстырылды — бұл гепатит В вирусын алғаш болып ашқан вирусолог, Нобель сыйлығының лауреаты Барух Бламбергтің туған күні. 2011 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 28 шілдені ресми түрде Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні деп жариялады.
ДДҰ деректері бойынша, бүгінде әлемде шамамен 300 миллионнан астам адам гепатиттің әртүрлі түрлерімен өмір сүруде. Әр күн сайын 3500 адам гепатит В және С вирустарының салдарынан көз жұмады. Бұл дертке шалдыққандардың көпшілігі өз диагнозы жайлы білмейді, өйткені ауру бастапқы кезеңде көбіне ешқандай белгілерсіз өтеді.
Қазақстанда жыл сайын 30 мыңға жуық адам вирусты гепатитке шалдығады. Әсіресе В және С түрлері кең таралған. Сондықтан елімізде гепатиттің алдын алу, ерте анықтау және тиімді ем жүргізу бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.
Гепатокабинеттердің жұмысы осы салада ерекше маңызға ие. Олардың негізгі мақсаты — гепатиттің асқынуынан болатын өлім-жітімді азайту, мүгедектік деңгейін төмендету, науқастардың өмір сапасын жақсарту және стационарлық емге түсетіндердің санын азайту.
________________________________________
📍 Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық жағдай:
Қазіргі таңда Жамбыл облысында созылмалы вирусты гепатитпен диспансерлік есепте тұрған 3895 науқас бар. Олардың ішінде:
• Созылмалы гепатит В (дельта антигенсіз) — 2195 адам (оның 2165-і ересек, 30-ы бала),
• Созылмалы гепатит В (дельта агентімен) — 268 адам (266 ересек, 2 бала),
• Созылмалы гепатит С — 1432 адам (1396 ересек, 36 бала).
Сондай-ақ облыс бойынша бауыр циррозымен есепте тұрған науқастар саны — 324 адам. Оның ішінде:
• Вирусты цирроз – 145 науқас (44%),
• Вируссыз цирроз – 179 науқас (56%).
2014 жылдан бері 32 науқасқа бауыр трансплантациясы жасалды. Олардың 24-і — В гепатитінің дельта түріне шалдыққан науқастар, 5-і — аутоиммундық циррозбен, ал 3 науқас — цитомегаловирус салдарынан бауыр алмастыру отасын алған.
Облыста бауыр обырымен тіркелген науқастар саны — 64. Оның 32-сі ТАХЭ әдісімен (транскатетерлі артериялық химиоэмболизация) ем қабылдаған.
________________________________________
Гепатит В-ға қарсы вакцинация — аурудың алдын алудың ең сенімді жолы. Ол өмір бойына иммунитет қалыптастырады және 95%-дан жоғары тиімділікке ие. Сонымен қатар С гепатиті бүгінгі таңда толық емделетін аурулар қатарына кіріп отыр — 8–12 апта ішінде заманауи вирусқа қарсы препараттармен толық жазылып шығуға мүмкіндік бар.
________________________________________
Бауыр – біздің өміріміздің “биохимиялық жүрегі”. Оны қорғау — өз өмірімізді қорғау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1046307?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді