
Жыл басынан бері Павлодар облысында полиция қызметкерлері белгіленбеген жерлерде темекі шеккен 300-ге жуық азаматты анықтады.
Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және дер кезінде анықтау мақсатында тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.
— Жуырда өткізілген кезекті рейд барысында Павлодар қаласының тұрғыны тұрғын үй кіреберісінде темекі тартқаны үшін әкімшілік жазаға тартылды. Темекі шегудің алдын алу мен шектеу — ең алдымен халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған, — деп түсіндірді Павлодар облысы полиция департаменті.
Сонымен қатар ведомство өкілдері Қазақстанда темекі өнімдерін тұтынуға қатысты заңнама талаптары қатаңдатылғанын еске салды. Жаңа ережелерге сәйкес, темекі мен электронды темекіні шегуге тыйым салынған қоғамдық орындар тізімі кеңейтілді. Енді темекі шегуге болмайтын орындарға: жабық аялдамалар, балалар ойын алаңдары, метро, жерасты өткелдері жатады.
Мұндай талаптарды алдын ала білу және бұлжытпай орындау — артық айыппұлдардан, қажетсіз қиындықтардан, әрі айналадағы адамдардың наразылығынан сақтайды. Сонымен қатар бұл — өзіңіздің және өзгелердің денсаулығына құрметпен қараудың белгісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1046429?lang=kk
Жауап қалдыру