
Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек айналымына бақылауды күшейту және саланың ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту бойынша бірқатар шара қабылдады.
Аталған бағыттардағы кемшіліктер 2024 жылғы шілде мен 2025 жылғы мамырда жүргізілген аудиттердің нәтижесінде анықталды.
Нәтижесінде 2025 жылғы 1 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды республика аумағына әкелу рәсімдерінің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда:
– тіркелмеген дәрілік заттар мен бұйымдарды әкелуге рұқсат беретін құжатқа серия (партия) нөмірі туралы мәлімет енгізілді;
– қызмет көрсетуші тарапынан ұсынылған құжаттардың растығын тексеру міндеті енгізіліп, оларды қарау мерзімі ұзартылды.
Сонымен қатар аудит барысында тіркелмеген дәрі-дәрмек пен медбұйымдарды әкелуге рұқсат алған жеткізушілер жеткізу орны мен әкелу күні туралы ақпарат бермейтіні анықталды. Бұл үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген.
2025 жылғы 1 шілдеде денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен осыған байланысты тиісті өзгерістер енгізілді. Енді рұқсат алушылар оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 15 күнтізбелік күн бұрын уәкілетті органға рұқсаттың орындалуы туралы хабарлауға міндетті.
Сондай-ақ бұл талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК аясында әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Медицина ғылымын дамытуға да ерекше назар аударылды. Аудит нәтижесі бойынша Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңестің (ҒТК) нақты құрамы бекітілмегені және оның Ережесі талаптарға сай келмейтіні анықталды. Бұл министрліктің саланың маңызды ғылыми-техникалық мәселелері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау мүмкіндігін шектеген.
Анықталған кемшіліктерді жою үшін министрлік мынадай шаралар қабылдады:
– ҒТК құрамына 41 адам бекітілді, мүшелерінің біліктілігі мен ғылыми дәрежесінің болуына қойылатын талаптар ескерілді;
– ҒТК туралы ереже ғылым саласындағы уәкілетті органның талаптарына сәйкес өзектендірілді.
Дәрі-дәрмек айналымын бақылауды күшейту және ғылыми-техникалық базаны дамыту бойынша қабылданған шаралар денсаулық сақтау жүйесін анағұрлым сенімді және тиімді етуге бағытталған. Аудит нәтижелері бойынша берілген басқа да тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/1046531?lang=kk
Жауап қалдыру